Парижде белсенділер ғаламдық жылынуға байланысты акция өткізді

0

Париж маңындағы Ла-Дефанс қалашығында Total мұнай компаниясының штаб-пәтері және Société Générale банкі ғимаратының алдында белсенділер акция өткізіп, экология министрлігі ғимаратының жолын жапты. Белсенділер билікті ғаламдық жылыну мәселесіне назар аудартуға тырысты.

Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, оған шамамен екі мың адам қатысқан. Дәл осындай акцияны француз белсенділері бір ай бұрын да өткізген.

Наразылық акциясына қатысушылар шеруді осы аптада Лондонда болған климаттың өзгеруіне байланысты акциялармен ұштастырған. Extinction Rebellion қоғамдық-саяси қозғалысы өкілдері осы аптада Лондонда наразылық акциясын өткізіп, биліктен ғаламдық жылынуды тоқтату үшін көбірек шара қолдануды талап еткен еді. Олар жолды жауып, қоғамдық көлік жұмысына кедергі келтірген. Лондон мэрі шерушілердің полиция жұмысын қиындатқанын айтқан.

Өткен жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірінде ғаламдық жылынуға байланысты акциялар жиілеген. Бұған дейін әлемнің ірі қалаларында өткен студенттер шеруіне 16 жастағы швед оқушысы Грета Тунберг қатысқан.

Azattyq