Париж Олимпиадасы: Санға емес, сапаға мән беріледі

0

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесспен кездесіп, Париж Олимпиадасына дайындық барысын талқылады деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында спорттың 8 түрінен 19 лицензия бар. Әзірге садақ атудан – 4, велошосседен – 3, нысана көздеуден – 5, қазіргі бессайыс пен бокстан екі-екіден, грек-рим күресі, еркін күрес пен спорттық гимнастикадан бір-бір жолдама бұйырды.

Париж Олимпиадасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш Токио Олимпиадасымен салыстырғанда төмен. Сол уақытта спортшыларымыз 30 жолдаманы жеңіп алған.

– Алдағы уақытта әлі 60-қа жуық лицензиялық турнир бар. Бұл жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, лицензиялардың санын 70-тен асыру көзделіп отыр. Әсіресе, алдағы күндері Италияда өтетін турнирде боксшыларға зор сенім артылуда. Жалпы, Токио Олимпиадасымен салыстырғанда жолдама саны аз болады. Бірақ, біз сапаға мән беріп отырмыз, – деді министр.

Париж Олимпиадасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс қазақстандық спортшылардың Париж Олимпиадасында сәтті өнер көрсетуіне тілектес екенін айтып, Олимпиада бойтұмарын табыс етті.

Париж Олимпиадасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Париж Олимпиадасы Франция мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түседі деген сенімдемін. Бұған дейін екі елдің президенттері кездесіп, ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсеткен еді. Спорт болсын, өзге де салаларда баянды байланыс жалғаса беретініне сенім мол, – деді елші.

Париж Олимпиадасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ермек Маржықпаев Қазақстан мен Франция арасындағы туристік ағымды одан әрі ұлғайту үшін тікелей рейстерді іске қосу және Қазақстан азаматтарына туристік визалар беру рәсімін жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Париж Олимпиадасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Париж төрінде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Париж лимпиадасы