Пандемиядағы тәжірибе: Су тасыған өңірлердің оқушылары білімін жазда жалғастыратын болды

0

Қазақстанның су тасып, төтенше жағдай жарияланған өңірлерінің оқушылары білімін жазда «Жазғы мектепте» жалғастырады. Бұл жайлы Ulysmedia.kz тілшісіне оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтып берді.

Қай мектептер екені белгілі

Батыс өңірлерде эвакуацияланған халықтың бір бөлігін мектептерге көшіріп жатыр.

– Осы жағдай сол өңірлердің білім сапасына қаншалықты теріс әсер етеді? Сол өңірлердің мектептеріндегі балалардың, оқушылардың мәселесін қалай реттедіңіздер? – деп Еділ Оспанға сұрақ қойылған.

Сұраққа жауап берген вице-министр оқушылар жатақханасы бар мектептер мен колледж, университеттерге орналастырылып жатқанын айтты.

– Еліміздің көп өңірінде су тасқыны жүріп жатыр. Табиғи сипаттағы апат. Білім сапасын айтар болсақ, 190-ға жуық мектеп қашықтан оқытуға ауыстырылды. Ол мектептердің оқушылары қазір қашықтан оқытылып жатыр. Біз көптеген оқушыларды Білім инновация, Назарбаев мектептерінің, колледжер мен жоғарғы оқу орындарының жатақханасына ауыстырып, уақытша білім алуын қамтамасыз етіп жатырмыз. Оқушылардың оқуға қажетті құрал-жабдықтарының болуын да қадағалап отырмыз, – дейді вице-министр.

Еділ Оспанның айтуынша, эвакуациялық пункттерде орналасқан балалар мүмкіндігінше, жыл бойы жұмыс істейтін лагерьлерге орналастырылып жатыр. Лагерьлерде де оқу процесі ұйымдастырылған.

– Бұдан бөлек, бұл өңірлердегі балалардың білім сапасын арттыру үшін жаз мезгілінде дәл сол мектептерге арналған жазғы мектеп ұйымдастырылады. Қай мектептер мен қай оқушылар екені белгілі ғой – жазғы мектепті соларға өткіземіз. Ол бұрын болмаған, бірақ пандемия кезінде сондай тәжірибе қолданылды, – дейді ол.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.