Пакьяо Бронерді жеңіп, чемпиондық белбеуін сақтап қалды — Бокс
Жартылай орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Мэнни Пакьяо (60-7-2, 39 КО) титулдық белбеуін сақтап қалды, — деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл атаққа төрт дивизионда чемпион болған америкалық 29 жастағы Эдриен Бронер таласқан еді.
Олардың жекпе-жегі Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында өтті және осы кездесуді АҚШ-тағы Showtime телеарнасы арқылы ақылы түрде көрсетілді.
Боксшылар толық 12 раунд бойы жұдырықтасты. Пакьяоның жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндігі болды. Соңында төрешілер жеңісті (117-111, 116-112, 116-112) филиппиндік боксшыға берді.
Айта кетейік, 40 жастағы Пакьяо — тарихта сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған жалғыз боксшы.
Бұл оның 70-ші жекпе-жегі және 61-ші жеңісі.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz