Пәкістанның экс-премьері құдайға тіл тигізді деген айыппен өлім жазасына кесілуі мүмкін

0

Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Ханға құдайға тіл тигізді деген айып тағылды. Енді ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Dawn басылымының мәліметінше, Мұхаммед Наим есімді тұрғынның арызынан кейін бұл істі Пенджаб провинциясының полициясы Ханға және тағы 150 адамға, соның ішінде бірнеше бұрынғы министр мен «Техрик-и-Инсаф» партиясының негізгі мүшелеріне қарсы қозғады.

Шағымда Хан мен оның жақтастары өткен бейсенбіде жаңа премьер-министр Шехбаз Шарифтің Сауд Арабиясына сапары кезінде оған қарсы шеруге қатысқаны айтылған. Пәкістанның жаңа премьер-министрі мен оның делегация мүшелері Мединадағы әл-Масжид-әл-Набауи мешітіне барғанда, жүздеген адам Шарифке қарсы ұрандар айта бастаған.

Пәкістаннан барған адамдар «ұры» және «сатқын» деп айғайлап, Шариф пен оның делегациясына қарсы балағат сөздер айтқан. Кейін Сауд Арабиясы билігі бұл оқиғаға қатысы бар деген бес пәкістандық тұрғынды ұстағанын хабарлады.

Ханның өзі және оның партиясының мүшелері бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарып, бұл айыптаулар жаңа биліктің Ханға қарсы шабуылының бастамасы екенін айтады.

Сәуірдің басында Пәкістан парламентінің төменгі палатасы Пәкістан мұсылмандары лигасының президенті Шахбаз Шарифті премьер-министр етіп сайлаған. Ол «Техрик-и-Инсаф» партиясы жоспарланған жаңа премьер-министр сайлауына аз уақыт қалғанда парламенттен шығып кеткеннен кейін сайлаудағы жалғыз кандидат болды.

Сонымен бірге, премьер-министрдің кандидатурасына дауыс беру қарсаңында мыңдаған адам Хан мен оның «Техрик-и-Инсаф» партиясын қолдап, шерулерге қатысқан. Экс-премьердің өзі атап өткендей, «біздің тарихымызда алаяқтар басқаратын үкіметті жоққа шығару үшін осынша көп адам шыққан емес».