Пәкістан премьері АҚШ президентінен көмек сұрады
Пәкістан премьер-министрі Имран Хан АҚШ президенті Дональд Трампқа хат жолдап, Ауғанстан дағдарысын шешуге қолдау көрсетуін сұрады. Бұл туралы Пәкістан премьері БАҚ өкілдерімен кездесуі кезінде мәлімдеген.
Бұған дейін өңірдегі жағдайға байланысты АҚШ үкіметі Пәкістанды айыптап, террорлық топтарға қолдау көрсетіп отырғанын айтқан еді. Соған қарамастан АҚШ-Пәкістан арасында өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке байланысты ынтымақтастық орнатуға деген талпыныстар да болған.
Имран Хан Трампқа жазған хатында Пәкістан тарабы Ауғанстанда 17 жылға жалғасқан тұрақсыздықты шешуге тырысатынын, бұл бағытта Құрама Штатпен ынтымақтасуға дайын екенін, сондай-ақ, АҚШ-тың қолдауына мұқтаж екенін де айтқан.
Қазір Ауғанстандағы жағдай көршілес елдер мен аймақтар үшін үлкен үрей туғызып отыр. 17 жылдан бері аласапыран болып жатқан Ауғанстан дегенмен, соңғы бір-екі жылда Орта Шығыстағы терроризм жағдайында өзгерістер болды. Сүрия мен Ирақ жерінде жеңіліс тапқан ДАИШ күштері тұрақсыздық жайлаған ауған жеріне қарай ағылды. Оның үстіне, Ауғанстандағы жерлік террорлық топ Талибан ұйымы да соңғы жылдары белсенді шабуылдар жасауда.
Ауғанстанды тұтасымен тұрақсыздық жайласа немесе террорлық ұйымдардың бақылауына өтсе, ең алдымен Қытайдың батыс өңіріне, сосын Орта Азия, Оңтүстік Азия елдеріне қауіп төнеді.