«Пайғамбар аян берді»: Қазығұртта пирамида салып жатқан тұрғынның басы дауға қалды

0

Түркістан облысында таңғажайып нысанның құрылысы табылды. Өзін Ресей ғылым академиясының профессоры деп таныстырған Бералы Артықәлиев киелі Қазығұрт тауында ежелгі пирамиданы салып жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, пирамидаға ұқсас нысанның алғашқы құрылысы өткен жылы 27 маусымда басталыпты.

Сол кезде жұрт Арыстағы жарылыстан есін жиа алмай жатқан тұста, Бералы Артықәлиев алаңсыз өзінің жоспарын іске асыруды қолға алған. Содан бері 4 нысанның құрылысын аяқтаған.

Тұрғынның сөзінше, әлі пирамидалардың 15 данасы салынбақ.

Ол құрылысты бастауға түсінде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың өзі жөн сілтегенін айтады. Орнын да Алла Елшісі анықтап берді, дейді.

Артықәлиевтің сөзінше, егер жобаны тездетіп қолға алмаса әлемнің 7 елінде апат болатын көрінеді.

«19 атом бомбасы 7 мемлекетке түседі. Соны тоқтата алатын бір ғана амал бар. Ол Қазығұрттың басына 2020 жылы 4 пирамиданы 3 метрден 7 метрге дейін көтерсе, онда апат болмайды», — дейді жоба авторы.

Тау басына көлік түгілі адамның өзі әрең шығады. Соған қарамастан, Бералы Артықәлиев өткен жылдан бастап осында еңбек етіп жүр екен.

Оның айтуынша, о баста 7 пирамиданың құрылысын салмақшы болыпты. Алайда, аңыз бойынша осы жерде 12 мың жыл бұрын 7 емес 19 пирамида болғанын естіпті. Зерттеп, зерделей келе сол 19 ғажайып нысанның орнын таптым дейді. Бүгінгі құрылыстың барлығы өз орындарына қайта салынып жатыр екен.

«Тұрған пирамиданың барлығын әйтеуір ойымызға келген жеріне қойғанымыз жоқ. Өзінің тасын өзіне қойдық. Басқа ештеме жоқ», — деді Бералы Артықәлиев.

Ол құрылысқа қажетті қаражатты қарапайым халықтан жинағанын жасырмады. Бералының жоспарын іске асыруға ниет білдірген жомарт жандар ақшалай қолдау білдіріп отырған. Осылайша, 4 пирамиданың құрылысы аяқталыпты. Жоба авторы енді жақын арада тағы біреуін бастаймын деп отыр.

Телеарна мәліметінше, енді ауданның аумағына тиесілі жерге рұқсатсыз құрылыс жүргізгені үшін Қазығұрт ауданының әкімдігі 75 АЕК, яғни 208 мың теңгеден астам айыппұл салу үшін Бералы Артықәлиевті сотқа беріпті.

«Ол кісіге 18 шілде күні 332 санды хат беріп, құрылыстың бәрін тоқтаттық. Ол жер негізінен Жаңабазар ауылдық округіне қарайтын ауданның арнайындағы бос жер. Ол жерді ешкім ол кісіге бермеген. Ешқандай рұқсатын алмаған. Қазіргі таңда, ол кісі Мемлекеттік сәулет басқармасы тарапынан тексеріліп, қазіргі таңда сотқа берілді», — дейді Қазығұрт ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Сәбит Әлсейітов.