«Өзін әкімнің орынбасарымын деп таныстырған»: Өскеменде ер адам кәсіпкерлерге хабарласып, су тасқынының салдарын жою үшін ақша сұраған

0

Өскеменде өзін әкімнің орынбасарымын деп таныстырған ер адам кәсіпкерлерге хабарласып, су тасқынының салдарын жою үшін ақша алған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәліметінше, сотталушы бизнес субъектісіне одан әрі жеңілдіктер мен преференциялар беруді сылтаурап, кәсіпкердің 50 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденгені үшін кінәлі деп танылған.

“Өскемен қаласының соты алаяқтық жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан А.Әбдірахмановқа қатысты үкім шығарды.

Ол ұялы телефон арқылы облыс әкімінің орынбасары ретінде өзін таныстырып, су тасқынының салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында өңірдің ірі кәсіпкерлерінің атына қоңырау шалған. Сот үкімімен бұрын шығарылған жазаны қосу арқылы оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген хабарлама.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.