«Өзімнен үлкен қателік таба алмадым»: Қыран Талапбек сәтсіз некесі туралы айтты

0

Видеодан кадр: Youtube/ Sultankyzy Channel Танымал отандық видеограф Қыран Талапбек алғаш рет ауқымды сұхбат беріп, некесінің сәтсіз аяқталуына не себеп болғанын айтты.

Қыран Талапбек отбасында орын алған жағдайға қатысты жан сырын Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында ақтарды. Ол сәтсіз некеде өз тарапынан айтарлықтай үлкен қателік көрмейтінін айтты.

«Бәлкім мен сәл эмоцияға берілген шығармын. Бірақ өз тарапымнан үлкен қателік таба алмадым. Қыранды ақша өзгерткен жоқ. Қыран ақша ұcтап өскен адам. 16 жасымда мен айына 2 мың доллар табатынмын. Ал 19 жасымда бір айда бес мың доллар табатынмын.

Қыранның видеодан да басқа бизнесі бар. Ол ақша айналып жүретін отбасыдан шыққан бала. Мен жоқшылықта да, баршылықта да осындай болдым. Мені танымалдылық өзгерткен жоқ. Дәл қазіргі сәтте қарасам, өмір мені осы жағдайларға дайындаған сияқты. Ештеңені де өзгертпейтін едім деп те айтпаймын. Бірақ осылай болатын еді. Осы жағдайдан кейін мен жұмыс істеу туралы, еңбек ету туралы көп айтамын. Отбасы туралы ештеңе айтпаймын. Себебі мен ол бойынша маман емеспін. Мойындаймын. Мен ол «салада» қателестім. Бұл тақырыпты қозғамаймын да еш жерде. Құдайға шүкір кішкентайым бар. Оған қатысты жоспарларым да бар», — деді ол.

Сонымен қатар Қыран Талапбек отбасының шайқалуына үлкендердің ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді.

«Екі жастың ортасына үлкен адамдар түскен жоқ. Үлкендердің ықпалы көп болған жоқ. Өйткені менің отбасымда өзіме қатысты шешімдерді мен өзім қабылдаймын. Ешкім ықпал ете алмайды. Мысалы жұмысыма қатысты шешімдерге әке-шешем қарсы келсе де, мен оны ары қарай істей беремін», — деді видеограф.