«Өзімнен аумайтын еді»: Елбасы Айсұлтан Назарбаевтың өлімі туралы іштегі өкінішін айтты
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Айсұлтан Назарбаевтың өлімі туралы пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Үш қызымнан керемет үш немерем бар. Амал не, биыл (2020 жылы — Авт.) бір немеремнен айырылдым, өзімнен аумайтын еді. Сонша ерте кеткеніне өкінемін. Ешқайда да жібермей-ақ қоюға болар еді. Бірақ ұстап отыру мүмкін емес еді. Сол істің құлына айналды, тоқтай алмады. Мәскеуде емдедік, Лондонда емдедік. Одан беті бері қарап еді, бірақ қайта кетті», — деді Нұрсұлтан Назарбаев «Штрихи к портрету» деректі фильмінің үшінші сериясында.
Айта кетейік, Айсұлтан Назарбаев 16 тамызда Лондонда қайтыс болған. Өлімінің алдын ала себебі деп жүрегі тоқтап қалуы аталған.
Айсұлтан Назарбаев — Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Ол 1990 жылы 26 тамызда дүниеге келген.
Айсұлтан Назарбаев Сандхерсттегі Британ корольдік әскери академиясын (2009-2010) және КИМЭП университетінің магистратурасын «бизнес-әкімшілік» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде Бас барлау басқармасында қызмет еткен. Футболмен айналысқан, бірнеше қазақстандық және шетелдік клубта, соның ішінде «Портсмута» жасөспірімдер командасында өнер көрсеткен.
ФИФА, УЕФА халықаралық ұйымдарымен және Ұлттық қауымдастықтармен байланыс жөніндегі Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болған.