Өзімнен 7 жас үлкен, баласы бар әйелге ғашық болдым – Нұрлан Әлімжанов

0

Қайрат Нұртастың репертуарындағы «Ол сен емес» әні жастардың сүйікті әуеніне айналды. Әннің авторы Нұрлан Әлімжанов KAZ.NUR.KZ тілшісіне жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Kznews.kz

«Ол сен емес, ол сен емес. Сүйенішім болған әркез. Ол сен емес, ол сен емес, Қанат болған маған әркез…» Бұл әуенді тыңдаған тыңдарман да, автор да бірден ерекше ностальгияға бөленеді. Нұрлан Әлімжанның айтуынша, «Ол сен емес» әні 2005 жылы жазылған. Ол кезде жас сазгер студент еді. Ал аталмыш туындының басты кейіпкері – актер жігіттің бұрынғы ғашығы екен. «19 жастағы баламын. Сол жылдары өзімнен жеті жас үлкен өнердегі жанмен махаббат сезімі болды. Ажырасқан әйел, бір баласы бар еді. Ол маған ғашық, мен де оған ғашықпын. Оның аты-жөнін айта алмаймын, өйткені гүр ете қалады, артық әңгіме кетеді. Өте танымал адам, оны бәрі таниды. Бір жылдай сол әйелмен жүрдім. 19 жастағы баламын, сол сезім ғой. Қатты басым айналып, ұшып жүрдім. Алматының Алатауына барып айғайлап, шулатып жүрген кездер ғой», — деп бастады әңгімесін Нұрлан Әлімжан.

Кеудесінде махаббат оты лаулаған өнерпаз жігіт әлгі ғашығына ән арнағысы келеді.

«Ол кезде Алматыдағы «Мамыр» шағынауданынан Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына автобуспен келе жатқанмын, көлік жоқ. Ешқандай музыкалық аспапсыз, сол қоғамдық көлікте ән туды. «Ол сен емес, ол сен емес, көзімнен ұғар менен тез. Ол сен емес, ол сен емес, кешір жаным, мені кеш» деп өлең мен әуен ойыма келді. Сол автобуста әдемі қыздар тұрды. Біреуінің көзіне, біреуінің сөзіне қараймын. Сосын бір мезетте «Ой, қойыңдаршы, сендер бәрібір өзімнен жеті жас үлкен ғашығыма жетпейсіңдер» деген оймен жазылды. Ол кезде Nokia деген ұялы телефоным бар еді, соның диктофонына жазып алдым. Жалпы, ән деген құйылып келеді. Бір жерден ұрлап, ұйқастырып, ұйқас қумаймын. Кейде көлікте, кейде ұйықтап жатқанда әуен келе қалады, тіпті кейде түсімде көремін. Нотаға түсірмеймін», — дейді композитор.