Өзіміз де қыз тәрбиелеп отырмыз — Еділ Жаңбыршын қыз алып қашатындарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды
Мәжіліс депутаттары қыз алып қашу әрекетіне заңмен тосқауыл қоюды бірнеше жолын ұсынды.
Мәдениет туралы заңнаманы жетілдіруге арналған заңның жобасын талқылау кезінде қыз алып қашу дәстүрін ән арқылы насихаттап жүрген өнер иелеріне сын айтылды.
— Белгілі әншілер қазір сахнада осындай әндер айтып жүр. Оны теледидардан көрсетеді.
«Алып қашам,
Мейлі олай қалама
Келін қылам сені қалай да анама», — деп шырқап жүр.
Екінші әнші айтады:
«Көресің
Менің үйіме барасың!
Басыңа аппақ орамал тағасың
Көндірем,
Көнесің!
Қыз болып келесің
Келін болып қаласың», — дейді. Осындай мәжбүрлеуді теледидар арқылы насихаттап жүрміз. Мұндай контентке тыйым заңмен тыйым салу керек, — деді депутат Мұрат Әбенов.
Еділ Жаңбыршин әріптесінің пікіріне қолдау білдірді.
— Басқа ұлттың біреуі жасамайды. Жасап жүрген өзіміз. Менің үш қызым бар, мысалы. Алдымыздан өтіп, құда түсіп алғанын бәріміз де жақсы көреміз. Ал мынау қоғамдағы үлкен дерт. Үлкен мәселе. Бұған қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек, — деді депутат.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселенің күн тәртібіндегі заңдарға қатысы жоқ болғанымен, алдағы отырыстарда жеке талқылауға лайық екенін айтты.