Өзіміз дәрігер бола тұра, бәрін жүрекпен қабылдаймыз

0

– Балалар дәрігері, соның ішінде балалар хирургы жұмысының ерек­шелігі неде?

– Жарық дүние есігін жаңа ашқан, иммунитеті әлі толық қалыптаспаған, ағзаларының морфологиялық құрылымы мен қызметі  жетілмеген, сыртқы ортаға енді ғана бейімделе бастаған нә­рес­телерді емдеу оңай емес. Әсіресе қолыңда хирургиялық аспаптар тұрғанда, жас нәрес­тенің алдында мойныңа екі есе жауапкершілік артылады. Әркімнің бетіне үрке қарап, бойларын үрей билеген сәбилерді алғаш маңдайынан сипап, мейірімділік көрсетесің. Сырқатын дер кезінде анықтап, кешіктірмей ота жасап, балалардың  болашақ тағдырын шешетін  осы балалар хирургтары. Балалардың кейбірі дүние есігін ашқаннан бір күн сау болмай, үлкендер көрмеген азапты көріп келгендер. Жаның мен тәнің баламен бірге қиналса, жүрегің ата-ананың жүрегімен бірге сыздайды. Мен сізге айтайын, балалар хирургтарының арасында жүрек дертіне шалдыққандар көп. Біз өзіміз дәрігер бола тұра, бәрін жүрекпен қабылдайтын адамдармыз.

– Балалар хирургтарының бойында қандай қасиеттер болғаны дұрыс деп ойлайсыз? 

– Балалар хирургтарының мінез-құл­­қы ерекше  болу керек  десем, артық айт­пайтын шығармын. Балалар хирургтары ең бірінші сырқаттанған барлық баланы өзінің бала-шағасын қалай жақ­сы көрсе,  солай жақсы көруі қажет. Ру­хы  мен ары таза, білімге құштар, ойы ал­ғыр, жұмысқа ынталы әрі жауапты, мінезі байсалды әрі сыпайы,  төтенше жағдайларда ұстамды, жүйке жүйесі қандай да күйзеліске шыдамды және міндетті түрде  өзінің мығым немесе осал жақтарын жете білетін жан болғаны абзал. «Disce, sed a doctis, indoctos ipse doceto – өзің білгеннен үйрен, біл­ме­генді үйрет» деген қағиданы берік ұс­танған,  кәсіби білім деңгейін өмір бойы жетілдіруден жалықпайтындар ғана біздің қатарымызда жүре алады.

– Өмір тәжірибеңізден ерекше есте қалған оқиғалардың бірін айта аласыз ба? 

– Мысал көп. Біреуін ғана айтайын. Осыдан 10 жыл бұрын ғой деймін, Мысырдың астанасы Каирдан 8 айлық баланы алып келді. Ол жақта төрт күн­дік нәресте кезінде асқазан, ішек жол­дарының туа біткен ауруына байланыс­ты ота жасалыпты. Кейіннен әртүрлі асқынуларына байланысты тағы 6-7 опе­рация жасалған. Содан сәбидің құр­­сақ қуысының алдыңғы қабаты іріңдеп, арша-аршасы шығып ашылады. Сыртқа шыққан  ішектері  он шақты жерден тесіліп, баланың халі әбден нашарлағаннан кейін,  дәрігерлер елдеріңе қайтыңдар деп ұсыныс айтады. Ата-анасы Қазақстан азаматтары болған соң,  баланы Алматыға біздің ауру­ханаға алып келді. Жағдайы тым нашар, өлім аузында. Алдымен әбден тексеріп, асқынған жерлерін анықтап, бір айдай отаға дайындадық.  Консилиум өтіп, ақылдаса келе ақыры операцияға алдық. Содан қойшы, әлгі бала жазылып, бала тәй-тәй басып, аяғынан тұрып кетті.  Ауруханаға түскендегі, ота жасағандағы,  шыққандағы, қазіргі кездегі суреттері бар. Ата-аналары анда-санда келіп тұрады. Бала ержетіп қалды. Қырық жылда талай нәрсені көрдік қой.

– Әттегені-ай деп, жүрегіңіз бен жүй­­кеңізге сызат түскен кездер де бол­ған шығар? 

– Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Жұмыс болған соң әрине болды. Бірақ солардың арасында кейінгі жыл­дары  елімізде арнайы балалар дә­рі­герін дайындайтын факультеттің жабылғаны, енді балаларды жалпы білімі бар дәрігерлер емдейтіні менің  жаныма қатты батады. Ол туралы ұстазым академик Камал Ормантаевтан артық айтпаспын, ол кісі барлық жерде айтып та, жазып та, ұрсып та жүр. Өкініштісі, ешкім құлақ аспай жатыр. 

– Барша балаға мейірімін төккен дәрігер өзінің отбасында қандай екен? 

– Отыз жыл отасқан асыл жарым Шакизат Сәкенқызы өмірден ерте қайт­ты. Музыка саласының маманы болатын. Өте сабырлы, ниеті таза, бір басына жететін ақылы бар жан еді. Тарих пен әдебиетке, мәдениет пен өнерге жақын болған. Өмірдің әрқилы жағдайында Абай атамыздың шығармаларын есімізге салып қоятын. 1990 жылдардан бастап қонақ шақырсақ та, қонаққа барсақ та,  Абай атамыздың «Қара сөздерін» ырымдап сыйға тарта бастадық. «Қара сөздер» кітабын 10-20 даналап  сатып алатын. Сөйтіп бұл сыйлығымыз шаңырағымыздың мәртебелі дәстүріне айналды. Кітапты нөмірлеп сыйлайтын болдық. Ең соңғы кітаптың  нөмірі 107 болды. Шәкеңнен кейін  таралмай қалған он шақты «Қара сөздерді» мен түсініктеме жазып, болашақ немере-шөбелеріме мұра ретінде сақтап қойдым.

Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Екеуі де үйленген, қызметте, елден ұял­маймын, абыройлы, жанымдай жақсы көретін немерелерім бар.

– Адамдарға, өмірге деген көз­қа­расыңыз қалай?

– Мен біртуар, ғұлама, зиялы, ардақты,  мансапты, қоғамда салмағы бар адамдардың орнын бір кісідей білем. Бірақ жай қарапайым адамдарға бүйрегім бұрып тұрады. Діндар адам емеспін, бірақ күнде таңертең Аллаға тәубешілік жасап, бергенінен берері көп Тәңірге ризашылық білдіріп, балаларым мен ұрпағымның, елімнің тыныштығын, өркендеуін тілеймін. Атқан таңды,  берген нәсіпті қанағат  тұтамын.

– Өмірде бір-біріңізге үлгі-өнеге болып жүрген адамдар аз емес шығар? 

– Менің сыйласатын, сырласатын ағайын-туыстарым, достарым, әріп­тестерім баршылық. Өзім жалпы көңіліме ұнаған адамдарға тез бауыр басып кетем. Бірақ маған бір абыз ақсақалдың орны бөлек. Тегінде мен ағалары бар замандастарыма қызыға қарайтын едім. Өмірде бауырына тартар, тілеуқор болар, өзің айтпақшы үлгі-өнеге болар, ақыл айтар ағам болсашы дейтінмін. Менің сол тілеуім қабыл болған болуы керек, 1970-жылдары балалар хирургиясынан  сондай бір адам сабақ берді. Қазақы,  кеңпейілді, ота жасағанда сабырын жоғалтпайтын, ұсақ-түйек жат мінездер мен теріс әрекеттерді бойынан аулақ ұстайтын сол ағамыздың есімі –   Балғабек Байқадамұлы Жұмағұлов.  Маған жерлестігі де,  туыстығы да жоқ.  Сол ұстазым, бүгінгі күні бірге тумасам­ да туған ағамдай  болды, өйткені  ол кісі маған рухани парасаттылық пен адам­шылықты, адалдық пен баға жетпес мәдениеттілікті, кісілік пен кішілікті, туыс­тар мен достарға деген патша көңіл­дің жарқын үлгі-өнегесін көрсетті. Қазір жасы 80-нен асты, сарқытын ішіп жүрмін. 

– Өзіңіз дәрігерсіз, саламатты өмір сүру салтын қаншалықты ұстанасыз? 

– Мен денешынықтыру, таңертең тұ­рып жаттығу жасау, жаяу жүру, уақы­тымен демалу, ретімен тамақтану­дың маңыздылығын түсінемін. Тіпті дәрігер әрі азды-көпті өмір көргендіктен солай істеңдер деп ақыл да айтамын. Бірақ өзім соншалық ұстана алмадым.

– Сонда бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Тарихи деректі және ғылыми кітап­тарды,  ғұламалардың өмірбаянын, даналық ой-толғауларын  оқығанды  ұнатамын. Басқаға емес, тек өз ұрпа­ғыма ғана  арналған күнделік жаза­мын. Ауылда дойбы ойнаушы едім, кейін қалаға келген соң шахмат ой­нау­ды үйрендім. Сол шахмат ойнау­ды өте жақсы көремін. 1933 жылғы Капаблан­каның кітабынан бастап, 30-ға  жуық  арнаулы  әдебиеттерім бар, Карповтың  қолтаңбасы бар, блиц ойнайтын 2-3 сағатым бар,  шахматтың әр түрінен 60-қа жуық коллекциям бар. Сонымен қатар әлемдік футбол мен қысқы биатлон қызықтырады. Кейде біреулермен қазақша бәстесіп те қаламын. Жалпы,  спорт пен шахмат  адамның эстетикалық мінез-құлқын, сана-сезімін, ой-өрісін кемелдендіретін, мақсатқа шабыттандыратын, істейтін ісіңді болжауға, нәти­жесін  сараптауға көмектесетін,  адам­ның рухын өсіретін өнер деп санаймын.

– Бәрекелді! Жетпіс жаста да шаршамай, бала өміріне араша болған қолыңызға қуат берсін. 

Әңгімелескен Абай ҚҰСАЙЫНОВ,

«Балаларға шұғыл медициналық жәрдем орталығының» бас дәрігері