Өзіміз 17 мыңға алып, 13 мыңнан саттық. Дәріхана иелері жарлықты өзгертуді сұрады

0

Нұр-Сұлтанда ондаған дәріхана қожайындары кейбір дәрі-дәрмектің, соның ішінде коронавирустан емдейтін препараттардың бағасын түсіру туралы билік шешімін өзгертуді сұрады.

20 қаңтарда өткен кездесуде кәсіпкерлер былтыр желтоқсан айында денсаулық сақтау министрі шығарған жарлықты жоюды сұрады. Бұл құжатта 200 препарат белгіленген бағамен сатылуы керектігі айтылған.

Кәсіпкерлердің айтуынша, соның салдарынан дәріханалар тақырға отыруы мүмкін.

— «Клексан» препараты тапшы. Біз оны 17 мыңға сатып алып, 18 мыңнан саттық. Денсаулық сақтау министрлігі оның бағасын 13 мың теңге деп белгіледі. Сонда біз бұл дәріні өз құнынан арзан бағаға сатуымыз керек, — деді кәсіпкер Марал Сайлыбаева.

Кәсіпкерлер денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға үндеу жасады. Олар дәрі бағасына шектеудің жойылуын қалайды.

Кездесуге денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері келген жоқ.

Қазақстанда коронавирус пандемиясы кезінде дәрі тапшылығы қатты сезілді. Сол кезде мемлекеттік органдарға сын көп айтылды.

Қазақстан — ТМД-да коронавирустан зардап шеккен елдердің бірі. Сарапшылар бұның себебін республикадағы жемқорлықтан көріп отыр.