«Өзімді қожайын сезінбеймін»: Жеңіс Ысқақова келінінің неге кетіп қалғанын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Жеңіс Ысқақова жанұясындағы келеңсіз жаңалықты айтып, жұрт алдында мәлімдеме жасады. Әншінің осыдан екі жыл бұрын үйленген ұлы мен келіні ажырасып кеткен көрінеді. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген өнер иесі, жас отбасының жағдайын баяндап берді.  

Жеңіс Ысқақова келінімен бірге

«Мұндай проблема көп қазақтың шаңырағында бар. Ене мен келіннің проблемасы, сонау атам заманнан келе жатыр. Өзекті проблема! Ол жалғыз әртістердің шаңырағында емес. Бізден асқан ене жоқ. Біз кешке дейін үйде отырған енелер емеспіз ғой. Үйде отырып алып «Шәйіңді қалай құйдың, қамырыңды қалай иледің» деп отыратын әртіс ене жоқ. Біз эстафетаны береміз. Мынау сенің ас үйің, мынау шаңырақ, мынау менің балам. Өніңдер, өсіңдер, көркейіңдер дедік. Жағаласып отырған біз жоқ. Соның өзін алып кете алмайды көп келіндер. Шахизаданың да баласы солай болды. Ол еркелеткен екен. Еркелетсең де бәле, еркелетпесе де бәле. Мен еркелеткен жоқпын. Мен оған ақыл да айтқан жоқпын. Сөзге де келген жоқпыз», — дейді жұлдызды экс-ене.

Жұлдызды жанұяда өзін жайсыз сезінген келіншек, өз қалауымен төркініне кеткен. Енесі себебін сұраған сәтте, жас келіннің жауабы да дайын екен.

Жеңіс Ысқақованың келіні«Барған кезде не дейсің? Айналайын-ау, отбасыңмен бірге болу керек қой. Сенің өзіңнің жанұяңа келу керексің ғой» дедім. Келінім «Мен сіздің шаңырағыңызда тұра алмаймын. Сіздің шаңырағыңызда өзімді қожайын сезіне алмаймын. Мен бөлек тұрамын» деді. Олай болса бөлек тұрыңдар дедім. Балам бөлек тұрудан бас тартты», — дейді Жеңіс Ысқақова.

Мұндай жағдайда ата-ананың жауапкершілігі зор, дейді әнші. Қазақы жерде өскен Ысқақованың ойынша, қыз баланы қаршадайынан отбасылық өмірге дайындауы керек.

Жеңіс Ысқақова туыстарымен бірге«Біздің Қызылордада, Оңтүстік жақта қыз 13 жасқа толды ма, оны келін қылып тәрбиелейді. Барған жеріңде ертең мынаны біліп жүр, ертең барған жеріңде мынаны қай көргенсіз тәрбиеледі дегенді естіртпе маған деп, әке-шешеміз айтып отырады. Келін болу керемет. Келін болу – атақ! Келін болу – үлкен мәртебе! Келін бола алмай жүрген қаншама қыздар бар. Ол бүгін келін болса, ертең ана болады, ене болады. Жалпы, келін барған жеріне еш уақытта қыз болмайды. Соны есіне сақтау керек. Қазіргі біздің қоғамда ажырасулар неге көп? Келіп алып, қыз болғысы келеді. Қыз болғың келсе, үйіңде кәрі қыз болып отыр. Неменеге байға тиесің? Айтқым келгені сол. Менің де принципім сол», — дейді жұлдыз.

Ысқақова, алғашқыда отбасындағы жайсыз хабарды ешбір жерде жариялауды қаламаған. Өйткені күдіктен гөрі, үміті басым еді. Уақыт өте келе, келінінің отбасына оралмасын түсінген секілді.

«Басында айтқым келмеді. Ертең бір-бірін сағынар, қайта қосылар деген үмітпен жүрдім. Қателесіпіз, қайта келейік десе, бірге тұрыңдар дейсің ғой. Хат жоқ, хабар жоқ жүрген соң, не істейсің? Мен келінімнің артынан жүгіруім керек пе?» — деп сөзін түйіндеді Жеңіс Ысқақова.

Айта кетейік, Жеңістің ұлы Айбатыр мен келіні Карина 2017 жылдың жаз мезгілінде шаңырақ көтерген еді. Экс-жұбайлардың ортақ некесінен бала жоқ.

stan.kz