«Өзімді өлтіруім керек пе?»: Дана Есеева күйеуінің ісіне қатысты Президенттен араша сұрады
Дана Есеева қамауға алынған күйеуі Мейіржан Төребаевтың ісіне қатысты президенттен араша сұрады. Ол Төребаевты қамауға алу туралы шешімнің заңсыз екенін мәлімдеді. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарының жүріп жатқанына қарамастан, Мейіржанды кінәлі деп танып үлгерді, деп ашынады блогер, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.
“Менің күйеуім 2021 жылдың 1 шілдесінде Mudarabah Capital компаниясына қатысты жауап беру үшін полицияға шақыртылған. Сол кезден бастап күйеуім тергеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірген емес”, – дейді Дана Есеева.
Айтуынша, Мейіржан Төребаев ел танитын адам болғандықтан, полиция мұны өз пайдасына пайдаланып, тергеуді айыптау бағытында жүргізуде.
“2022 жылдың 8 ақпанында Алматы тергеу соты “кепіл” бұлтартпау шарасы туралы шешім шығарды. Сот менің жолдасымның жасырынуға тырыспағанын, тергеуге бөгет жасамағанын, Қазақстан азаматы екенін ескерді. Сол уақыттан бастан менің күйеуімнің әрекетінде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Алайда 2022 жылдың 19 сәуір күні бұлтартпау шарасы қайта қаралып, Алматы қалалық тергеу сотының шешімімен, Мейіржан 10 күнге қамалды.
Шараны қайта қарастыру туралы сауалыма Алматы қалалық полиция департаменті, оның ішінде Рустам Абдрахманов: “Жуырда зардап шеккен адамдар келіп, блогерлерді, оның ішінде Мейіржан Төребаевты қамауды сұрады”, – деп жауап берді. Кейін зардап шеккендердің бірі өзін өртеуге тырысып, қоғамдық резонанс тудырды. Объективті түрде бағалайық, қоғамдық резонанс бар. Бірақ ол соттың шешімінсіз менің күйеуімді қамауға алуға себеп бола ала ма?” – дейді Дана Есеева.
Сондай-ақ, Дана Мейіржанды қамауға алу туралы шешімге танымал қоғам өкілдерінің қарсылық білдіріп жатқанын атап өтті.
“Күйеуімді қамауға алу туралы шешімді менің отбасым мен қоғам негізсіз қысым мен репрессия деп бағалайды.
Рустам Абдрахмановтың баспасөз конференциясын негізге алсақ, егер қоғамдық резонанс осылай әсер етсе, бес баланың анасы ретінде өзімді өлтіруім керек пе?” – деді Есеева.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан аталған іске араша болуын сұрады.
(Ақпарат: stan.kz, фото: ашық дереккөздер)