«Өзі алдана тұра, мені іске тартты»: Әлімбекованы сотқа берген құрбысы сотта өз шындығын айтты – Қазақстан жаңалықтары

0
151

Әлімбекованы сотқа берген экс-құрбысы Бақыт Назарова 2013 жылға дейін Гауһармен жақсы қарым қатынаста болғанын, оның бойынан ешқандай оғаш қылық байқамағанын айтты. Алайда Әлімбекова өзі алданғанын біле тұра, мені осы іске тартты, деп ашынды ол. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сот залынан хабарлайды.

"Өзі алдана тұра, мені іске тартты": Әлімбекованы сотқа берген құрбысы сотта өз шындығын айтты

«Ақшаға жақын адамды бірден байқайсың ғой. Әлімбекованың бойынан ештеңе байқамадым. Сіңлімдей сыйластым. 15 жыл достығымыздың ішінде ол менің екі мәрте алданып қалғаныма куә болды. Ешқандай айқай-шу көтермегенімді көріп, ішінде сақтап қалған болу керек. Әлімбекованың көзінше, мен ол адамдар туралы жаман сөз айтқызбайтынмын. Ол адамның өзі жоқ, сыртынан сөйлемейік деп…

2013 жылы қаңтардың 20-сына таман шақырусыз үйіме келіп, мемлекеттік бағдарламамен үй алғанын айтып, сондай мүмкіншіліктің бар екенін маған ескертті. «Тимур, жалғыз балаңыз менің бауырымдай. Сізге де бір жақсылық жасармын. Өзіме 2 не 3 пәтер аламын, сізге де бір пәтер алайын. Жақсы жаңалығыммен келдім», деді», – деп еске алады Бақыт Назарова.

Сөзіне қарағанда, Әлімбекова Ордабаева атты танысы бар екенін, оған осы айдың ішінде 40 мың доллар тауып беру керектігін алға тартқан. Сол сәтте қолында ақшасы жоқ екенін ескерткен соң, Әлімбекова оның орнына төлей тұруға келіскен екен.

«Мен үшін беріп қойдым деді. Кейін ұлым 14 мың доллар апарып берді. Кейін 26 мың долларды үйімнен алып кетті. Ол үшін ешқандай қолхат алған жоқпын. Себебі сұрауға ұялатын едім. 15 жылда ол менің жүрегіме кіріп кеткен, сондықтан мен оған сенетін едім. Өзім кепіл боламын деп айтты. сондықтан несие алдым.

Кепіл болған соң ғана ақшаны бердім. Ордабаева деп айтқанда мен бермес едім», – дейді Бақыт Назарова.

Жәбірленуші Әлімбекованың Ордабаеваға алданып қалғанын растап отыр. Алайда:

«Мен алданған жоқпын. Ол алданды. Мен Гауһардан «өзің алдана тұра, неге мені бұл іске кіргіздің?» деп ашығын сұрадым. Өйткені менің ақшам сенің мойныңда тұр дедім.

Ай сайын 1 мың доллардан болсын қайтар, осыған келісейік. Келіспеген жағдайда, сотқа беремін, өкпелеме деп ескерттім»,-  деген Бақыт Назарова сотқа бермес бұрын Гауһардың алдынан бірнеше мәрте өткенін де атап өтті.

Айта кетейік, бүгін Алматыда Гауһар Әлімбекованың ісіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот кезінде әнші өз шындығын айтып, Бақыт Назаровадан ешқандай ақша алмағанын мәлім еткен. Ал прокурор Әлімбекованы үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.




stan.kz