Өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қазақ зиялыларының ұрпақтары

0

XX ғасырдың басында зиялы қауымның 60-70 пайызы өзге ұлттан әйел алғаны баршаға аян. Мәселен, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, Әлейхан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтердің жарлары өзге ұлт өкілдері еді. Ал қазір, керісінше, XXI ғасырда қазақ қыздарының арасында өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құрып жатқандары да өте көп. Мысалы, жақында Жүрсін Ерманның эфиопиялықтармен құда болуы ел назарына ілікті. Кінәлағандар да, керісінше, бақыт тілегендер де көп. Біз осы орайда  шетелдіктерге тұрмысқа шыққан зиялылардың ұрпақтарын іздеп көрмек болдық.

Ел ішінде жұртшылық  «жел сөзге» ерік берген ақын Жүрсін Ерманның құдасы шынымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреисус екен. Осыдан төрт жыл бұрын Жүрсін Ерманның жиен немересі Гебреисустың үлкен ұлына тұрмысқа шыққан. Қазір олардың бір қызы бар. Есімі – Ханымбике.

– Менің Ардақ деген кіші қызым бар. Өзі Алматыда тұрады. Соның Айдана деген қызы, менің  жиенім. «Тіл үйренсін» деп оны Жаңа Зеландияға жібергенбіз. Сол жақта мектепті бітірген соң Швейцариядағы академияға «қонақүй бизнесі» бойынша оқуға түскен. Артынан Испанияға барып, магистратурада оқыды, – дейді Жүрсін Ерман.

Ақынның күйеу баласы грек-рим күресінен Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов екен. Олардың үлкен ұлы Ерасыл Болат – дзюдо күресінен спорт шебері.

Еліміздегі тарихи тұлғаның бірі Ораз Жандосовты білмейтін қазақ жоқ. Саясаткерге орнатылған ескерткіштен бөлек, әр қаладан берілген көше де көп. Бүгінде Едіге, Санжар және Әлиден тараған ұрпақтан ел Ораз бен Ажар Жандосовтарды жақсы біледі. Біріншісі – Қазақстанның саяси қайраткері, бір кездері еліміздің Қаржы министрі болып, Ұлттық банктің төрағасы секілді үлкен қызметтерді атқарды. Ал Санжардың қызы Ажар – кәсіпкер. «Ақ Ерке» балалар лагерінің иесі және Қазақстанның табиғатты қорғау бойынша эко-қозғалысының белсендісі.

Инсайдерлердің мәліметінше, осы Ажар Жандосованың қызы  Мерует шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан. Жігіттің есімі – Christophe Helain, француз. Бүгінде Жандосовтар ұрпағы сұхбаттарында да өздерінің әулетін «көп ұлтты отбасы» деп есептейді.

Меруерттің әкесі – Қалиев Еркін Жакенұлы. Бір жылдары  еліміздің Көлік және коммуникация министрі болған.  Негізінен жұрт оны ұлттық авиакомпанияның топ-менеджері, бизнесмен ретінде жақсы біледі.

Мысалы, Қаныш Сәтпаев бес баланың әкесі. Ең өкініштісі, ұлы Малеш он төрт жасында, енді бір перзенті Мариям жиырма бір жасында ауырып дүние салады. Қалған үш қыз – Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз әкеге тартып, ғылым жолына түсіп, туған халқының ардақтылары атанды. Үлкен қыздары Ханиса мен Шамшиябанудың анасы Шарипа болса, Мариям мен Мейздің анасы Таисия Алексеевна, ал Жәмиланың анасы Камила Өтегенова еді.

Қаныш Сәтпаев жайында естеліктің бірінде Камиланың хаты жарияланған.

«Ардақты Қанеке! Жүрекжарды хатыңызға шексіз ризамын, тәнті көңілмен рақмет айтамын. Алайда уәдемнен шыға алмадым, кінә – өзімнен… Сізге ұл сыйламай, қыз туған соң басыңыз менен азат. Бұл сәбидің алдағы тау­қыметі, тәрбие-тәлімі – өзімнің мойнымда. Азатсың дегенімді солай түсініңіз және келіспеймін деп дауласпаңыз, асыл Қанеке! Бір ғана тілегім бар: балаңа атыңды сыйла, есімін ойлап та қойдым: Жәмила болады, фамилиясы – Өтегенова, тек куәлігіне Қанышқызы деп жаздыруға рұқсат етіңіз! Сізге менен бұдан өзге тілек болмайды…» – деген екен.

Сол кенже қыз Жәмила Мәскеуде тұрақтады. Сол жақта оқу бітіріп, Сергей Егоров деген азаматқа тұрмысқа шықты. Андрей мен Тимур есімді  екі баланың анасы атанды. Екеуі де ғылым жолында.

Марқұм Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі Нұрқаділова да өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, кейін  ажырасып кеткен.  Қазір ол  әйел затымен азаматтық некеде тұрып жатыр. Сонымен бірге 10 жасар ұлын өсіріп отыр. Нұрбибінің сөзінше, күйеуі өзінің алғашқы махаббаты. Оны қатты жақсы көргендіктен бәріне шыдап баққан.

Ғалым Немат Келімбетовтің есімін білмейтін жан жоқ. 10 жыл бойы аяғынан жүре алмай, төсек тартып жатқанда жұбайы  Қуаныш Тазабекқызы жанында болған. Ағамыздың Мұхит және Қайрат деген ұлдары бар. Ал олардан тараған ұрпағы – Қанат, Шынар, Айсұлтан, Азат, Диана, Даниал. Қайраттың қызы Шынар қазір – Швецарияда, ұлы Айсұлтан Нематов АҚШ-та тұрып жатыр.

Елімізде кәсіпкер-бизнесмендер өте көп. Ал олардың балалары негізінен шетелде білім алады. Көбісі сол жақта жүріп, екінші жартысын жолықтырып, отбасылы болып жатады. Мысалы, Марғұлан Сейсенбаевтың үйленгеніне 26 жыл болды. Келіншегі Сәуле  екеуі Зере, Дәмелі және Альмира деген үш қыз өсіріп отыр.Үлкені Зере қазір Лондонда тұрып жатыр.  Bloomberg-те жұмыс істейді.

Міне, осылай шетелде жүрген қазақ зиялыларының баллалары әлі қаншама?! Ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың қызы Жазира Асанова да шетелдікке тұрмысқа шыққан деседі…

aikyn.kz