Өзеннің төл атауы қалпына келді
Мәселенің мән-жайы былай: Батыс Қазақстан облысында Орал тауының оңтүстігіндегі Шыбынды тауы бұлақтарынан басталып, Жайық өзеніне сол жағынан құятын, облыстың Шыңғырлау, Бөрлі аудандары аумағымен өтетін, ұзындығы 290 шақырымға созылатын Шыңғырлау атты өзен бар. Осы Шыңғырлау өзені бүгінде ресми құжаттардың, ғылыми әдебиеттердің бәрінде «Утва» болып аталып кеткен. Өзеннің атауы қандай шешім негізінде олай аталғаны белгісіз. Ең бірінші бұл атауды ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне қаптап келген қарашекпен – переселендер таңса керек. Тың игеру жылдарындағы демографиялық ахуал кірме атауды одан әрі кіріктіре түскен. Әйтпесе 1964 жылы жарық көрген Кеңес Одағының географиялық картасында бұл су «Шыңғырлау өзені» деп таңбаланған көрінеді. Бүгінде Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында тұрып жатқан бір топ ардагердің «Шыңғырлау өзенінің өз атауын өзіне қайтарайық!» деп шырылдап жүргеніне талай жылдың жүзі болған еді. Жоғарыдағы мақалада осы мәселе тағы бір көтерілген.
– Шыңғырлау өзенінің тарихи атауын өзіне қайтару – маған аманат еді. Аманат жүгі ауыр ғой, – дейді осы бастаманы қолға алып, талай жылдан тыным таппай жүрген журналистика ардагері Қуанышқали Ғұсманов ақсақал.
Ол қалай болды дейсіз ғой. Зейнет демалысына дейін ұзақ жыл Шыңғырлау аудандық партия комитетінде қызмет еткен, соңынан мектеп директоры болған Төлеуқайыр Хамитов 2002 жылы «Бөрлі жаршысы» газетінде «Утваның тарихи атауы Шыңғырлау» атты мақала шығарған екен. Бірақ оған ол кезде елең еткен жан болмаған. Сол ақсақал: «Қуанышқали, сен журналиссің ғой, Шыңғырлаудың ежелгі тарихи атауы қалайша Утва деп аталып кетті, осыны түзеу керек», деп аманаттаған екен. Содан кейін Бөрлі ауданының соғыс және еңбек ардагерлері Айтмағамбет Мырзабаев, Қайыр Беккужиев, Дәулет Үдербаев, Сатқали Бақтыбаев, Сапаш Өтебаев, Рамазан Ізімов, тағы басқалары ақылдасып, хатқа қол қойып, тиісті мекемелерге жіберумен болған.
– Біз осы мәселені айтып Қазақстан Республикасы Президентінің атына екі рет, Парламент Мәжілісі депутаттарына, Батыс Қазақстан облыстық әкімдік аппаратына, облыстық мәслихат хатшысына, аудандық әкімдікке бірнеше өтініш хат жаздық. Ол хаттар бұл күнде бір папка болды, әлі қолымда сақтаулы. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Өзеннің көне атауы Шыңғырлау» (2016 жылғы 19 қараша), «Өзеннің өз атауын қайтарайық» (2018 жылғы 17 шілде), Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде «Өзеннің өз атауы қайтарылса» (2010 жылғы 27 мамыр), «Утваның төл атауы Шыңғырлау немесе Ардагерлер ұсынысы неге орындалмайды» (2011 жылғы 17 ақпан) деген тақырыптармен мақалалар жарияланды. Өткен жылы мамыр айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің жеке қабылдауында да болдық, – дейді Қуанышқали Қабдошұлы ақсақал.
Бүгінде жасы 82-ден асқан қарияның бұлайша мазасыздануында мән бар. Өйткені осыдан 16 жыл бұрын осы істі бірге бастаған ардагерлердің көбі бүгінде өмірден өтіп кетті. Жасы ұлғайған сайын «апырмай, айдай анық көрініп тұрған ақиқатты қалпына келтіре алмай қаламын ба?» деген уайым да күшейген.
Қуанышқали ағайдың қайратына таңғаласыз. Шыңғырлау өзені екі ауданға ортақ дедік қой. Биыл жазда Ақсай қаласындағы жастардың «Туған жерге тағзым» клубының мүшелерін бастап, Шыңғырлау өзенінің бастау бұлағын көріп қайтыпты. Одан кейін Бөрлі ауданының жаңадан келген әкімі Санжар Әлиевтің қабылдауына бір топ ардагермен бірге кіріп, Шыңғырлау өзенінің тарихи атауын қайтару жайлы тағы айтып шыққан. Жақында ағамыз Орал қаласына, «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің қосынына бас сұқты.
– Айналайын, екі аудан тұрғындарын сергелдеңге салған ақиқат ақыры анықталды. Бір кезде отарлау немесе орыстану кезінде кеткен қателік арада жарты ғасырдан кейін түзетілді. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» РМҚК мен География институты бірігіп шығарған орысша және қазақша 32 томдықтың Батыс Қазақстан облысына арналған 12 томдығында «Утва» өзені «Шыңғырлау» өзені деген атаумен түзетіліп көрсетілген» деген жауап хат келді. Халық үшін, ел үшін керек ұлттық ортақ мәселені шешуге көмектескен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына, осы іске атсалысқан өзге де ұйымдар мен азаматтарға аудан тұрғындары және өзімнің атымнан рахметімді айтайын деп келдім. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев өзен бойында «Утва» болып жазулы тұрған белгілерді «Шыңғырлау» атауына өзгертуге уәдесін берді. Сөйтіп мойнымнан үлкен жүк түсті, – дейді Қазақстанның құрметті журналисі, тыл және еңбек ардагері Қуанышқали Ғұсманов.
Ақсақалдың ақжүрек қуанышын оқырмандарымызға жеткізуге біз де асықтық.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы