Өзбекстанның жоғарғы соты Азаттық тілшілерінің мүлкін кәмпескелеу туралы шешімнің күшін жойды

0

Өзбекстанның жоғарғы соты журналистер Гайрат және Шухрат Бабажановтың үйін кәмпескелеу туралы 2018 жылы шыққан сот шешімінің күшін жойды. Азаттық радиосымен әріптестік орнатқан журналистер бұған дейін шетелде тұруға мәжбүр болған. Сот олардың мүліктерінің «иесі жоғын» алға тартып, аудан әкімшілігі балансына берген еді.

Журналистер мүддесін сотта қорғаған адвокат сөзіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, 16 мамырда кәмпескелеу туралы сот шешімінің күші жойылған. Жергілікті әкімдіктің қарсы болғанына қарамастан жоғарғы сот журналистердің Хорезм облысындағы мүлікті иеленуге құқығы барын айтып, шешім шығарған.

Өзбекстанда бұрынғы президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін елде жағдайдың сәл жеңілдеп, бұрынғыға қарағанда азаматтардың экономикалық және саяси бостандыққа көбірек ие бола бастағаны айтылады.

Мамыр айында елде бірқатар батыс ақпарат құралдарының сайттары ұзақ жылғы бұғаттаулардан кейін қайта ашылды. Олардың арасында BBC, Eurasianet, «Америка дауысы» сайттары бар. Алайда әзірге Азаттықтың Өзбек қызметінің сайты елде сол күйінше жабық.

Оқи отырыңыз: Екінші президенттердің Ташкенттегі алғашқы кездесуі

Azattyq