Өзбекстанның Хиуа қаласы — 2020 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы
2018 жылғы 26 желтоқсан 18:31 260
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат — Өзбекстанның Хиуа қаласы 2020 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Ташкентте Өзбекстан Республикасының мәдениет министрі Бахтияр Сайфоллаевпен кездесу барысында ТҮРКСОЙ мен Өзбекстан арасындағы мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Осы кездесуде Өзбекстанның Хиуа қаласы түркі мәдениетінің 2020 жылғы астанасы болып жарияланды.
«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде 2020 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде ежелгі, тарихи Хива музей-қаласын жариялауды ұсынғаны баршаға белгілі. Біз таяуда Ош қаласын 2019 жылғы түркі мәдениетінің астанасы етіп жарияладық. 2020 жылы бұл эстафетаны Хиуа қаласы алады», — деп хабарлады ТҮРКСОЙ бас хатшысы.
Еске салсақ, Түркияның Кастамону қаласының 2018 жылғы Түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты салтанатты шара өткені туралы жазған болатынбыз. Ал 2019 жылғы түркі дүниесінің мәдени астанасы — Ош қаласы.
Автор: Мирас Қуандықов
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz