Өзбекстаннан кеткен блогер полицияның ұрып-соғып, қоқан-лоқы жасағанын айттты
«ҰРЫП-СОҒЫП, ТЫР ЖАЛАҢАШ ТҰРҒЫЗЫП ҚОЙДЫ»
«Олар мені жұдырықпен ұрып, шашымнан тартып, ішімнен тепті» деді Өзбекстанның солтүстік-батысындағы Хорезм облысында «әкімшілік жазасын» өтеген кезде басынан өткен жағдайды баяндаған блогер Нафосат Оллошукурова.
Блогердің сөзінше, оны «зорлаймыз» деп қоқан-лоқы көрсеткен бір топ офицердің алдында тыр жалаңаш тұруға мәжбүрлеген. Оллошукурова полиция бөлімшесіндегі азаптаудан бөлек, психологиялық қысым көргенін айтты. Сот оны дені сау болғанына қарамастан, үш айға еркінен тыс «емдеуге» психиатриялық ауруханаға жатқызған.
Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жүргізген тікелей эфирлерімен танымал блогер Нафосат Оллошукурова қаңтардың 20-сы күні билік өзін тағы да еркінен тыс психиатриялық мекемеге жатқызады деп қауіптеніп, Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болғаннан кейін осындай мәлімдеме жасады.
— Соңғы күндері психиатриялық аурухана дәрігерлері мені іздеп үйіме үш рет келді. Бірақ ол кезде үйде болмадым. Сондықтан мені әкете алмады, — дейді ол.
Ағылшын тілі мұғалімі мамандығын бітірген 32 жастағы Нафосат Оллошукурова 2019 жылы Facebook әлеуметтік желісінде Шабнам деген лақап атпен блог жүргізе бастаған. Блогер Орталық Азияның халқы тығыз қоныстанған, билігі сөз бостандығы мен мемлекетке қарсы айтылған сынды жақтырмайтын елде шенеуніктердің қытығына тиетін тақырыптарды көтеріп келген.
Қауіпсіздік қызметкерлерінің Оллошукурованы наразылық акциясынан тікелей эфир жүргізгені үшін психиатриялық ауруханаға «емдеуге» жатқызуы билік өкілдерінің «президент Шавкат Мирзияевтың тұсында Өзбекстан азаматтық құқықтарға құрметпен қарайтын, ашық әрі еркін мемлекетке айналды» деген мәлімдемесін жоққа шығарады.
Блогер басқа көп тақырыптың ішінде құқық қорғау органы қызметкерлерінің өз қызметін асыра пайдалануы, полицияның қатаң шараларына қарсы сирек кездесетін әйелдер наразылығы, көшеге «Өз құқықтарымды талап етемін» деген плакат ұстап шыққан кәсіпкер туралы хабар таратқан.
Ол полициядан зорлық көргендерді өзімен байланысуға, ал жергілікті әкімдерді халықтың шағымына құлақ түруге шақырды.
ТҰТҚЫНДАУ МЕН ҚОҚАН-ЛОҚЫ КӨРСЕТУ
Нафосат Оллошукурова бірінші рет 2019 жылы қыркүйек айында Facebook әлеуметтік желісінде биліктен өзіне қарсы қозғалған күдікті істі жабуды талап етіп, петиция жариялаған журналист пен оның жақтастарының наразылық шеруінен хабар таратқаннан кейін ұсталған.
Хорезм соты Оллошукурованы «ұсақ бұзақылық жасау» бабы бойынша айыпты деп тауып, блогерді 10 тәулік әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Блогер осы кезде өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалып, қорлық көргенін айтады.
Блогердің сөзінше, өзбек полициясы одан «Эрк» партиясының негізін қалаушы, қазір шетелде тұрып жатқан Мұхаммед Салих пен өзге де оппозиция басшыларына қарсы куәлік беруді талап еткен. Офицерлер блогерді «наразылық шеруін Салих пен шетелде қуғында жүрген өзге оппозиция басшылары ұйымдастырды» деп жалған куәлік беруге көндірмек болған.
— «Салихтың наразылық шеруіне еш қатысы жоқ. Оған қарсы қалай куәлік берем?» дедім. Олар «не айту керегін түсіндіреміз» деді. Мен көмектесуден бас тарттым, осыдан кейін олар зорлық көрсете бастады, — деді Оллошукурова Азаттық тілшісіне.
Блогер полицияның заңсыз әрекеттеріне қарсылық ретінде аштық жариялағанын айтады. Бірақ билік оның «психикалық ауруы» барын мәлімдеп, қыркүйек айында сот Оллошукурованы психиатриялық мекемеге мәжбүрлеп «емдеуге» жіберу туралы шешім шығарған.
Блогердің айтуынша, оны Хорезм облыстық психиатриялық орталығына ауыстырған, ол жаққа полиция мен басқа да өкілетті тұлғалар жиі келіп, Оллошукуроваға қоқан-лоқы көрсетіп отырған.
— Олар блог жүргізуді тоқтатқанымды қалады. Өңірлік полицияның бір шенеунігі өзіме қарсы жасалған заңсыз әрекеттер туралы ашық мәлімдеме жасасам, олар менің психикалық ауру болып, психиатриялық ауруханада өмір бойы қалуым үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын айтты, — дейді Оллошукурова.
Блогер желтоқсанның 28-і күні ауруханадан шығып, ата-анасы мен үш жасар егіз қызының жанына оралған. Өзіне көрсетілген қысымға қарамастан, Оллошукурова босап шыққаннан кейін берген сұхбатында блог жүргізуді жалғастыратынын айтқан. Бірақ бірнеше күннен кейін өз бостандығы мен өміріне қауіп төнгеніне алаңдаған блогер елден кетуге бел байлаған.
Оллошукуроваға АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігі, «Эзгулик» құқық қорғау тобының жетекшісі Абдурахмон Ташанов пен адвокат Умид Давлатов қолдау көрсетіп, әуежайға шығарып салған.
Қазір Еуропа елдерінен босқын мәртебесін алуға талпынып жүрген Оллошукурова әлеуметтік желідегі блогын ары қарай да жүргізе беретінін айтады. Өзбекстаннан кетерден сәл бұрын Оллошукурова Facebook әлеуметтік желісіне жұмбақ жазба салған. Онда блогер «Сендерге шындықты көргім келеді деп айттым ғой. Мен оны көрдім және таптым» деп жазған.
Нафосат Оллошукурова Facebook әлеуметтік желісінде Өзбекстандағы әйелдер құқығы мен жергілікті биліктің жемқорлығы жайлы постылармен танылған. Блогердің парақшасына төрт мыңнан астам қолданушы жазылған.
Өткен жылы Өзбекстан билігі Оллошукурованы психиатриялық мекемеге мәжбүрлеп «емдеуге» жатқызғанда Committee to protest journalists («Журналистерді қорғау комитеті»), Human Rights Watch және Amnesty International тәрізді халықаралық баспасөз еркіндігі мен адам құқықтарын қорғайтын беделді ұйымдар оны қолдап мәлімдеме жариялаған. Олар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтан Нафосат Оллашукурованы дереу босатып, оны күштеп емдеуді тоқтатуға шақырған.
«Егер Өзбекстан реформалардың шынайы жүзеге асып жатқанын көрсеткісі келсе, журналистерді психиатриялық ауруханаға жіберу сияқты тоталитарлық жазалау әдістерінен арылуы қажет» деп мәлімдеген «Журналистерді қорғау комитетінің» Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид.
Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Мехрибон Бекиева мен Фарангиз Наджибулланың мақаласын аударырлды.