Өзбекстандық бизнесмен Гафур Рахимов AIBA президенттігінен кетті

0
63

Өзбекстандық бизнесмен, АҚШ қылмыстық топқа қатысы бар деп айыптайтын Гафур Рахимов AIBA (Халықаралық әуесқой бокс федерациясы) президенті қызметінен кететінін жариялады.

Рахимовтың мәлімдемесі 22 наурызда AIBA сайтында жарияланды. Ол өз мәлімдемесінде жаңа басшы сайланғанша уақытша президент қызметін атқара тұратынын айтты.

«Соңғы жылдары атқарған жұмысымыз бокстың дамуына үлес қосты. Бірақ бұл жетістігімізге қарамастан соңғы бірнеше айда бокстың айналасындағы түрлі шу мен дау толастамай тұр. Бұл шудың көбі саяси, спортқа қатысы жоқ. Спорт мен саясат бір-бірінен алшақ болады деп сенген едім» деді Рахимов мәлімдемесінде.

Рахимов 2018 жылы 3 қарашада өткен AIBA президентін сайлауда жеңіске жеткен. Оның қарсыласы қазақстандық Серік Қонақбаев болған.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) қыркүйекте «егер Рахимов президент болып сайланса, боксты олимпиада бағдарламасынан алып тастайтынын» мәлімдеген. АҚШ қаржы министрлігі Рахимовты қылмыстық топқа қатысы бар деп айыптайды.

Рахимов басында AIBA президенттікке жалғыз кандидат ретінде тіркелген. АIBA Қонақбаев белгіленген уақытқа дейін құжаттарын тапсырып үлгермегені үшін оның кандидатурасын тіркемеген еді.

Кейін қазақстандық “құжат тапсыратын уақыттың аяқталар күні жексенбіге түскенін, бұл жағдайда AIBA құжатты жұмыс күні – дүйсенбі қабылдауы керек” деп, Cпорттық арбитраж сотына (CAS) шағымданған.

CAS қазанның 30-ы күні Азия бокс қауымдастығының президенті Серік Қонақбаевтың шағымын қанағаттандырып, оны ресми түрде AIBA президенттігіне кандидат ретінде тіркеген. AIBA Cпорттық арбитраж сотының шешімін қолдаған.

Azattyq