Өзбекстанда Каримовтың инерциясы әлі бірнеше жыл сақталады

0

Өзбекстан мемлекетіне Шавкат Мирзиеев басшы болып келгелі бері бірқатар өзгерістерді қолға алған. Ол елдің демократиялық таңдауын құп көргендей ниет танытып, саяси және қоғамдық өмірде біраз еркіндік бергендей болды. Біреулер оның бұл әрекеті – көзбояушылық десе, енді бірі – Мирзиеев бұған дейінгі қалыптасқан саяси кедергілерді жояды дейді. Соңғы уақытта көрші елде бұрынғы президент Ислам Каримовтың атын телеарналарда атамау туралы әңгіме тарап, тіпті бұл – жоғарыдан келген ресми бұйрық деген пікірлер де пайда болды. Осы ретте дінтанушы, сарапшы Асылбек Снадинмен ой бөліскен едік.

– Асылбек мырза, Өзбекстанда бұрынғы президент Каримовтің аты-жөнін телеарналардан айтуға тыйым салыпты. Сіздіңше бұл нені білдіреді? Жалпы, көрші елдегі саяси ахуалды қалай бағамдауға болады?

Біріншіден, көрші елде орын алып жатқан саяси ахуалға келсек, иә Өзбекстан «Ислам Каримовке дейін» және «кейін» болып екі тарихи кезеңге бөлініп қалғанына барлығымыз куәгер болып жатырмыз. 27 жыл оқшаулану мен авторитарлы саясат ұстанып келген көршіміз бүгіндері саяси ренессанс дәуіріне қадам жасап жатыр. Яғни, президент Каримов саналы түрде бас тартып келген саяси–әлеуметтік құндылықтарды бүгінгі билік қайта қарастырып, жаңадан бағамдап жатыр. Мысалы, сол адам құқықтары мен ашық, зайырлы қоғамның алғышарттарын қабылдау, саяси көзқарастары мен ұстанымдарына байланысты қамаудағы азаматтарды босату, сыртқы саясат бойынша қалыс қалып келген, аймақтағы барлық интеграциялық үрдістерге қайта атсалысып, белсенді түрде келіссөздер жүргізуге кіріскені осыған дәлел. Мұның барлығы жаңа Өзбекстан мемлекетінің, өз саяси сағатын заманның талабына сай қайта түзеп жатқанын көрсетеді. Президент Мирзиеев билікке келгелі бері елдегі саяси билік құрылымындағы және кейбір заңнамаларда орын алған өзгерістер мен түзетулер де саяси ахуалдың жаңа кейіп пен формаға ие болып, бұл саяси режимнің алдына қойған мақсаттары мен мүдделерінің бағыты өзгергендігін білдірсе керек.

Мәселен:

  • Бірер ай бұрын Бішкекте өткен Түркі Кеңесі Ұйымының саммитіне Өзбекстанның қатысуының өзі аймақтағы үлкен оқиғалардың біріне баланды. Президент Мирзиеев жиын барысында кеңеске қайта мүше болу мен қатар Хиуа қаласын – Түркі Кеңесінің астанасы ету ұсынысын да білдірді;
  • Осы күзде Өзбекстан басшысының Франция мемлекетіне сапары;
  • Өткен айдағы Еуропарламент делегациясының келуі;
  • Шавкат Мирзиеевтің АҚШ-қа сапары;
  • Ресеймен арадағы келіссөздер;
  • Қытай, Түркіменстан, Қазақстанмен уағдаласқан келісімдер де ресми Ташкенттің көп векторлы саясат ұстана бастағанын аңғартады.

Қазақстанның өзімен ғана 5 миллиард АҚШ долларына келісім жасау жоспарланып отыр. Жалпы, мұндай әрбір бағыт бойынша күштері теңестірілген, яғни барлығымен теңдей қарым-қатынас құруға негізделген моделді Орта Азияда Қазақстандық модель деп айтып жүрміз. Бүгінгі жаңарған Өзбек билігі бұл үлгінің тиімділігін және қысқа уақытта өз жемісін көрсететінін түсініп, Қазақстаннан үлгі алып отырғандай.

Ал енді, Ислам Каримовтың есімін қоғам санасынан өшіру немесе алып тастау, беделін түсіру жағдайларына келер болсақ. Біріншіден, бір ақиқатқа келісіп алу керек сияқты: елді ширек ғасыр басқарған, жақсы болсын, жаман болсын Ислам Каримовтың Өзбекстан мемлекетінің құрылуына және оның бүгінгі қалыптасып отырған жағдайға жетуіне сіңірген еңбегі мен саяси бет-бейнесін жою мүмкін емес деп ойлаймын. Оның есімі беріліп жатқан мәдени орындар мен қалалар, аэропорттар, көшелер мен мешіттерді санайтын болсақ саусақ жетпейді. Біреуде оның билік еткен кезеңіне симпатия, ал біреуде антипатия болуы мүмкін. Алайда Каримовтың Өзбекстаны ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Екіншіден, бұл іс-әрекеттерді бүгінгі ресми Мирзиеев билігінің өзін-өзі сақтау, қорғау әрекеті деп түсінуге де болатын сияқты. Яғни, өзбек халқының алдындағы Ислам Каримовтың саяси портретінің көлеңкесінде қалып қалмау. Бүгінгі таңда саяси құндылықтар өте тез өзгерістерге ұшырап жатыр. Ол векторлы, гибридті бір орында тұрып қалсаңыз тек бақылаушы ғана болып қалуыңыз мүмкін. Ал бұл ойындарға араласу үшін батыл шешімдер мен тепе-теңдік ұстану шартты. Сондықтан президент Мирзиеевтің бұл шешімін қалыпты, қазіргі билікке қажет бір элементтердің бірі деп қараған дұрыс шығар. Дегенмен ішкі саяси қозғалыста Каримовтың инерциясы алдағы бірнеше жыл сақталатыны да айқын.

– Көпшілік Орта Азияда келешекте Өзбекстанның билігі орнайды дегенді айтады. Бұл оймен келісуге бола ма?

Иә, бүгіндері Өзбекстан мемлекеті белсенді түрде инвестиция тартып, ішкі инфрақұрылымды дамытып және сыртқы саясатта өте қарқынды жұмыстар жүргізуде. Алайда Орта Азия көшбасшысы болып отырған Қазақстанмен бірлесе, тізе қосып ғана нәтижиелерге қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Бұл жерде жасанды бәсекелестікті қоздырудың қажеті жоқ, қайта синергиялық жоспар қажет шығар. Орта Азиямен басқа әлем санасатындай жағдайға жету үшін, аймақтағы көшбасшылық немесе аутсайдерлерді анықтауға жұмыс жасау, ол кімге болмасын тиімсіз шарт. Бірақ мұндай жасанды бәсекелестікті жасауға, ақпараттық шабуылдар ұйымдастыруға мүдделі күштердің болатыны анық. Сол себептен ақпарат саласындағы қауіпсіздікке мұқият болған абзал.

 – Мирзиеев билікке келгелі Ташкент пен Бейжің арасында қатынас күшейіп, экономикалық келіссөздер артқан тұста қазақ билігі де Шымкентті жеке мегаполиске айналдырып, оған бөлек мәртебе беріп те үлгерді. Ендігі ретте Шымкент пен Ташкент арасында бәсекелестік орнауы мүмкін бе?

– Ресми Ташкент сауда-саттық пен инвестиция тарту мақсатында сыртқы саясатта өте агрессивті саясат жүргізуде. Сондықтан тек қана Пекинмен байланыс күшейіп жатыр деуге ерте шығар. Ал Қытай үшін бүгінгі Өзбекстан – тауар тасымалдаудың жаңа бағыты. Өзбекстанмен шекараласатын барлық мемлекеттер олар үшін потенциалды келісім-шарттар мен тапсырыстар. Мысалы, осы жылдың өзінде Қытай мен Өзбекстан бірлесіп Ташкент – Әндіжан – Ош – Іргештам – Қашғар бағыты бойынша Ауғанстанға тауар тасымалдауды бастап та кетті.

Ал мегаполистер арасындағы бәсекелестіктің орнауы заңды құбылыс.  Себебі, бүгінде мемлекеттер арасындағы шекара адамдардың санасында ғана. Үлкен қалаларды бөліп тұратын шекара – аэропорттар мен вокзалдар ғана болып қалды. Мен бұл жерде бір миллиондық Шымкент пен екі жарым миллиондық Ташкент арасындағы бәсекелестіктен гөрі, жаңадан пайда болған Түркістан облысы мен Өзбекстанның мәдени-рухани орталық қалаларының арасында бәсекелістік туындайтын шығар деп ойлаймын. Себебі, шет елден Орта Азия елдеріне келетін туристер тарихи орындар мен қалаларға қызығады. Өзбекстан өз кезегінде туристік саланы кластерге айналдыруға үмітті. Ал біздің үкімет Түркістан қаласы мен облыстағы тарихи орындарға назар аудару керек.

«The Qazaq Times»