Өзбекстанда ақпарат құралдарын тіркеуді жеңілдетті

0

Өзбекстанда ақпарат құралдарын тіркеуден өткізу үшін ақпарат және коммуникация агенттігіне тікелей өтініш тапсырудың қажеті жоқ. Бұдан былай ақпарат құралдары мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Бұл ақпаратты Өзбекстанның ақпарат және коммуникация агенттігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Жаңа ереже бойынша, өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары немесе мемлекеттік қызмет бойынша біріңғай порталға барып, арнайы өтініш формасын толтыра алады. Редакция жарғысы, құрылтайшылар келісім-шарты сияқты өзге де құжатарды тапсыра алады.

Бұрын тіркеу үшін 30 күн уақыт керек болса, қазір 15 күнге азайған.

Бақылаушылар Өзбекстанда 2016 жылы президент Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін сөз бостандығы ахуалы бұрынғыдан аздап жақсара бастағанын айтқан.

Тұтқындағы бірнеше журналист бостандыққа шығып, кей ақпарат құралдары азаматтарды мақта теруге мәжбүрлеу сияқты бұған дейін қозғамай келген көкейкесті тақырыптарды қозғай бастаған. Алайда елде цензура әлі де басым, ал билік ақпарат құралдарын заңсыз бақылауды жалғастырып отыр.

Оқи отырыңыз: Хорезм соты билікті сынаған блогерді психиатриялық емханадан шығармады

Azattyq