Өзбекстан The Guardian журналисіне аккредитация берді

0

Британдық журналист Джоанна Лиллис Өзбекстанда жұмыс істеуге рұқсат алды. Бұл туралы ол 8 шілдеде өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

«Тамаша жаңалық, бұл шетел ақпарат құралдарына ашықтықтың белгісі» деп жазған журналист парақшасында.

Джоанна Лиллис The Economist, The Guardian және Eurasianet сынды басылымдарға мақала жазады. 2005 жылдан бері Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп келеді. 2018 жылы қараша айында Қазақстандағы саясат жайында «Dark Shadows: Inside the Secret World of Kazakhstan» атты кітабы жарық көрді.

Джоанна Лиллис – Өзбекстанда аккредитация алған алғашқы журналист емес. Биыл 4 маусымда журналист Авазбек Тахиров BBC (британдық медиа корпорация) тілшісі ретінде елдің сыртқы істер министрлігінде тіркелген. BBC журналистері 2005 жылы Әндіжан қаласындағы қақтығыстан кейін өзбек билігінен қысым көріп, елден кетуге мәжбүр болған.

Мамыр айының ортасында ұзақ жылдар бойы бұғатталып келген кейбір ақпарат құралдарының сайты қайта жұмыс істей бастады. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінің сайты — Озодлик радиосы елде әлі жабық.

Биыл сәуір айында Өзбекстан сыртқы істер министрлігі «Ферғана» ақпарат агенттігінің тілшісі Андрей Кудряшевке де елде жұмыс істеуге рұқсат берген.

Бір жыл бұрын «Америка дауысының» Өзбек қызметінің журналисі Навбахор Имамов та аккредитация алған.

Өзбекстан – Орта Азиядағы жабық мемлекеттердің бірі болған. Елді тәуелсіздік алғалы басқарған Ислам Каримов қайтыс болып, орнына Шавкат Мирзияев келген соң бірнеше журналист пен саяси тұтқын босап шыққан.

Сарапшылар «Мирзияев елге инвестиция тартып, халықаралық ұйымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, Өзбекстанды Орталық Азиядағы ашық елге айналдырғысы келеді, бұрынғы басшының қудалау саясатынан бас тартуға тырысады» деп санайды.



Azattyq