Өзбекстан президенті Мирзияев «азаматтарды қабылдамақ»

0

Ташкентте 1 сәуірде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қабылдауы ашылады деп жоспарланған. Онда президент азаматтарды қабылдайды. Бұл туралы Өзбекстан президенті әкімшілігінің халықты қабылдау бойынша жетекшісі Бахтиер Жамалов хабарлады.

Шенеуніктің сөзінше, алғаш жазылғандармен президент Мирзияев жеке кездесіп, өтініш-шағымдарын тыңдайды. Жамалов «қазір 20 азаматтың арыз-шағымы іріктеліп алынды. Олармен президент жеке кездеседі» деді.

«Кейін мұндай қабылдау онлайн-трансляция түрінде өтеді, мүмкіндік болса, жеке қабылдау жалғаса береді» деп жазады Centre1.

Жамаловтың сөзінше, президент халықты қабылдайтын ғимарат толық жөндеуден өтіп, қажетті видеоқұрылғылармен жабдықталған, онда күту және қабылдау залы бар, сондай-ақ телекөпір өткізуге толық жағдай жасалған.

Азаттықтың өзбек қызметінің жазуынша, әзірге матамен көмкеріліп тұрған ғимарат есігінде президенттің, сондай-ақ үкіметтегі басқа басшылардың азаматтарды қабылдау кестесі жазылған.

Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылдың қыркүйек айында 78 жасында қайтыс болған. 14 желтоқсанда Мирзияев президент қызметіне кіріскен.

Azattyq