Өзбекәлі Жәнібеков қызыққан құнды мұра
Фото: Автор
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлттық үй жиһазының бірегей түрі асадал сақталған.
Асадал қазіргі таңда музей экспозициясынан орын алған. Оны Кеңес одағы тұсындағы музей қызметкерлері құнды жәдігерлер жинақтау экспедициясы кезінде Қазалы өңірінен тауыпты. 1982 жылы музей қорына өткізілген.
Ең алдымен, асадал деген не? Ол – қазақ халқы үй тұрмысында пайдаланған жиһаздардың бірі. «Ас және адал» деген сөздерден құралған. Асадал негізінен шкафтың қызметін атқарған. Онда тамақ және ыдыс-аяқ сақталады.
Қызылорда облыстық музейінің ғылыми хатшысы, тарихшы Асхат Қожагелдіұлы Сайлаудың айтуынша, этнографиялық деректер оның да бірнеше түрі болғанын және түркі халықтары қолданғанын айғақтап отыр.
«Белгілі этнограф Х.Арғынбаев өзінің еңбегінде асадалдың ең көнесі қазіргі тумбочка тәрізді жасалғанын, екінші түрінің ені мен биіктігі шамалас екенін жазады. Ал үшінші түрінің биіктігі кебежедей ғана болған. Төртінші түрі буфет тәрізді. Қазіргі уақытта облыстық өлкетану музейі қорында асадалдың тумбочка және буфет түрлері бар. Ал музейдегі буфет етіп жасалған асадал қазіргі уақытта елімізде сақталған басқа түрлеріне мүлдем ұқсамайды және өзіндік пішінімен ерекшеленеді», – дейді Асхат Қожагелдіұлы.
Бұл асадалдың ашпалы есігі бар. Ең үстіңгі ашық бөлігіндегі ою-өрнектер назар аудартпай қоймайды. Маңдай бетіндегі гүл бейнелі оюлар және қаз мойын тәріздес өрнектердің реңкі, нақышы өзара үйлесім тапқан.
Асадалдың авторына келсек, ХХ ғасырдың І жартысында Арал-Қазалы өңіріне танымал болған Әжімбет Қарайғыров деген ағаш ұстасы. Ол 1888 жылы дүниеге келген. 1937 жылы сталиндік зұлматтың құрбаны болған. Ал 1953 жылы қайта ақталған екен. Тарихшы Асхат Қожагелдіұлының мәліметінше, Әжімбет Қарайғыровтың асадалы Қазақ ССР-нің Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтің қызығушылығын тудырған. Ол мұражайға келіп, жәдігерлермен танысады. Сонда осы асадал оның көзіне оттай басылыпты.
«Өзбекәіл ағамыз жарты сағаттай жиһазға үңіліп, бір сырға қаныққандай таңдай қағады. Музей қызметкерлеріне қарап, асадал бетіндегі ою-өрнектердің «сөйлеп» тұрғанын жеткізеді. Сөйтіп, оған алғаш рет «ағаш ұстасы Әжімбет өз өмірінің баянын асадалға сыйдырған» деген бағңа береді. Сонымен бірге, мұндай асадалдың қазақ даласында өте сирек кездесетінін айтқан. Өкініштісі сол, асадалдың сипаттамасы қағаз бетіне түспеген. Осының өзі, Әжімбет ұстаның қолынан шыққан дүниелердің қайсібірі болмасын, қазақтың ағаш өңдеу өнеріндегі бірегей дүниелер деп айтуымызға әбден болады», – дейді Асхат Сайлау.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда бас сұққан ғалымдар, түркологтар, этнографтар міндетті түрде асадалға аялдап, ұстаның шеберлігіне тәнті болып кетеді. Тіпті, Қызылордаға ат басын тіреген қазақ өнерінің марғасқасы Асанәлі Әшімов те музейге келіп, «құпияға толы асадалды жасаған шебер тегін адам емес, руханияты терең тұлға болған ғой» деп таңданыс білдіріпті.
Әжімбет ұста бұдан да басқа құрал-саймандар, түрлі жабдықтар, үлкенді-кішілі үй жиһаздарын жасаған. Оның шамамен өткен ғасырдың 20-30 жылдары жасаған сандығы мен жүкаяғы да осы музейде сақтаулы. Ұста әрлеп-сәндеуде қиялына ерік берген. Сандықтың бетіне «Ботакөз», «Таңдай», «Жапырақ», «Гүл» өрнектері, жүкаяққа «Гүл», «Су» өрнектері салынған. Үй жиһаздарының жасалғанына бір ғасырға жуық өтсе де әлі күнге дейін алғашқы көркемдік кейпін жоғалтпаған. Бояулары қанық.
Ә.Қарайғыровтың төл туындыларын көздің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізген ұста ұрпақтары мен музей қызметкерлерінің еңбегі зор екенін атап өту керек.
«Бұл мұралар – еліміз бойынша баламасы жоқ құнды дүниелер. Мәдени игілігіміздің осы бір бөлшегінің өзінен терең мағына мен асқан шеберліктің үлгісі көрінеді. Дұрысы, қазақтың ұлылығы мен кемел өркениетінің ізі сайрап жатқаны байқалады», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова.
Фотолар: Автордан
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ