Өзбек фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды

0

АҚШ киноакадемиясының үздік кинематографиялық марапаты, 93-ші мәрте өтетін «Оскар» сыйлығы байқауына өзбек фильмі ұсынылды деп хабарлайды Өзбекстанның ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Басылымның жазуынша, өзбекстандық кинорежиссер Ёлқин Тойчиевтің «Фариданың екі мың әні» атты көркем фильмі «Оскар» сыйлығына «Ең үздік шетелдік көркем фильм» номинациясы бойынша ұсынылған.

«Өзбеккино» ұлттық агенттігінің тапсырысы бойынша «Fox Music Cinema» студиясы тарапынан таспаланған туынды, өткен аптада Ресейдегі «Мәскеу премьерасы» халықаралық кинофестивалінде Гран-при жеңіп алған. Ал жалпы картина өткен ғасырдың басында Түркістанда болған саяси оқиғаларды баяндап, ол қарапайым бір отбасының тұрмысы арқылы көрсетілген.

Фильм сюжеті бойынша басты кейіпкер сол кездегі заманның қасіретін елемей, адамдардан алыста үш әйелімен өмір сүріп жатып, төртінші әйелге үйленеді. Дәл осы тұста төртінші келіншектің бір басында үш әйелі бар еркектің шаңырағына келуі мен аймақтағы саяси даулар жағдайы, отбасының шайқалуына себеп болады.

Еске салар болсақ, өткен жылғы «Оскар» марапатына Өзбекстан атынан жас режиссер Умид Ҳамдамовтың «Иссиқ нон» (Ыстық нан) атты толық метражды фильмі қатысқан еді.

Алайда 2020 жылы «Ең үздік шетелдік көркем фильм» номинациясын да және «Жылдың ең үздік фильмі» атағын да оңтүстік кореялық режиссердің «Паразиты» фильмі жеңіп алған болатын.

Сонымен қатар таяуда қазақстандық каскадер Жайдарбек Күнғожинов «Томирис» фильміндегі жұмысы үшін әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» атты жүлдесін иеленген еді.