Өз сынынан қорыққан драматург (1-бөлім)
Драмалық шығармашылықты қандай ағымдар жетелеп, сахналық идеалдар уақыт талабына сай қандай формаларға көшіп-қонбасын, театр үшін ешқашан өзгермейтін заңдылық бар, ол заңдылықтың аты – бәрінің бір сәтте әсерлену заңы (закон общего переживания), яғни залдағы көрермендердің сахнада өтіп жатқан оқиғаларға реакциясы. Қандай жағдай, қандай заман болсын, театрда ешқашан бұлжымайтын бірыңғай әсерлену заңын драматург, мейлі ол жас болсын, мейлі кемеліне келген драматург болсын, бұл заңдылықты өзгерте алмайды. Бұл заңдылықты ол қашан, қай кезде меңгереді? Туа бітті ме, жүре бітті ме? Кез келген драматург шығармасын жазу үстінде мұндай заңдылықтарға сүйене отырып жазбайтыны белгілі, ол мұның бәрін ішкі түйсік арқылы сезініп отырады. Ал ішкі түйсік пен бірыңғай сезіну заңдылықтарын шығарма барысында өне бойы сақтап отыру Гоголь сияқты туа бітті талантқа тән қасиет. Драмадағы алдыңғы эпизод келесі эпизодтың интригасына жауапты. Оқиға эпизод сайын ширығып, шиеленісіп отыруы тиіс. Көрермендер оқиғадан «суып» қалмау үшін драмалық, комедиялық ситуациялар көрініс сайын жаңарып, баяндалып келе жатқан оқиғалар күтпеген жерден басқаша бағыт алып, өсіп, өршіп отыруы тиіс. Мұндай оқиғалар тізбегінің бәрі бастан-аяқ ұлттық психология мен ұлттық болмыстың шеңберінен шықпауы тиіс. Гоголь ұлттық, таза орыстық комедия жасай білді, шығармаларының бәрін ұлттық эффектіге құра білді. Сумароковқа дейін бір жарым ғасыр бойы Ресей сахналарында сайран салып келген неміс пен француз театрларының әсерінен ұлы комедиогроф Грибоедовтің өзі арыла алмаған болса, Гоголь барлық бөтен өнерден іргесін аулақ салған тап-таза орыс оқиғасын, орыс тұрмысын, орыс адамдарын, орыс психологиясын, қысқасын айтқанда, орыс күлкісін сахнаға алып шықты.
Театрдың өмірдегі шынайы, нағыз халықтық рөлін ерекше бағалай білген Гоголь өзінің ең атақты комедиясы «Ревизорды» жазуға айрықша дайындықпен кірісті. Астана емес, губерниялық үлкен де қала емес, Ресейдің бір түкпіріндегі шағын қаланың арасынан Н.В.Гоголь бүкілресейлік ащы шындықтың бетін ашып бере алатын адамдарды іріктеп алып, әр адамға орыс өміріне тән типтік оқиға мен типтік образдар галлереясын асқан шеберлікпен жіпке тізгендей қарапайым әдіспен тізіп шықты.
Барлық елдің түгелдей дерлік классик драматургтері оқиға желісін шиеленістірудің амалын әркім әртүрлі әдіспен қарастырып, экспозицияны біршама созып алатын да, шиеленісті бастау үшін бірнеше сахналық көріністерге жүгінетін. Ал Гоголь үшін бір-ақ сөйлем, жалғыз-ақ фраза жеткілікті болды. Қала бастығы Антон Антонович Сквозник-Дмухановский: «Мырзалар, мен сіздерді аса бір жайсыз хабар айту үшін жинап отырмын: бізге ревизор келе жатыр».
Осы фразамен пьеса бірден басталды да кетті. Осы сөйлем пьесаның фабуласын да анықтап берді. Ең маңыздысы – жұрттың бәріне үрей тастап өтті. Пьеса персонаждары ғана емес, залда отырған адамдардың да санасын үрей билеп алды: «енді не болар екен, әрі қарай кейіпкерлерді не күтіп тұр?» деген сұрақ театр атмосферасын бірден жайлап алды. Фабула әрі қарай қалай дамымақ, салған жерден, пьесаның алғашқы фразасымен басталған үрей мен қорқыныш әрі қарай қалай жалғасын таппақ? Комедияның бүкіл энергетикасын бір ғана сөйлемге сыйдыра білген Гогольдің фантазиялық қуаты бүкіл спектакльдің аяғына дейін жете ме, әлде, орта жолдан өтпей жатып оқиға желісі қожырап кете ме? Пьесаны оқыған, спектакльді көріп отырған оқырман мен көрермендердің көкейінде тұрып алатыны да осы сұрақ.
Гогольдің мұндай сауалды пьесаға кіріспей тұрып-ақ өзіне қоя білгені шығарма барысында көз жеткізу оңай. Алғашқы беттерден-ақ әр кейіпкердің өзіне тән мінезі, сөйлеу мәнері алақандағыдай анық боп шыға келді. Көрермен қала бастығының әлгі сөзінен кейін-ақ оқиғаның әрі қарай жалғасын көруге ынтыға түседі. Залда отырған адамдарды, Гогольдің өз сөзімен айтқанда, «бірін-бірі танымайтын 5-6 мың тобырды» шашау шығармай уысында ұстап, бәрін бір адамдай сахнаға телміртіп, түймелерін үзгенше күлдіріп, ең соңында күні бойы өздеріне-өздері күліп отырғандарын түсініп, кейіпкерлермен бірге «мылқау сахнаға» тап болып, «енді қайттік?» дегендей бәрін үнсіз қалдыруға дейін жеткізетіндей Гоголь қандай айла тапты? Оның комедиясындағы динамика мен сарқылмас ішкі қуат бірте-бірте өршіп барып, әр түрлі талғам мен әр түрлі түсініктегі «тобырды» найзағай түскендей бір сәтте катарсиске әкеп тіреу үшін сарқылмас юмор мен трагедияның кілтін қалай тапты?
Әрбір ұлы шығарма қашанда қарапайым. Гоголь өмірдегі барлық көрген-білген, естіген күлкілі, келеңсіз жайларды юмор мен сатираның жібіне тізе білді. Оқиғаны өмірдің өзінен ойып алып, елеп-екшеп, іріктеп, ең қажеттілерін ғана қағазға түсіре білді. Неміс классигі Томас Манның «Театр – тобырды ұлтқа айналдырады» деген атақты қанатты сөзі дәл осы «Ревизорға» арнап айтылғандай еді.
«Ревизор» тобырды ұлтқа айналдырды. Бірін-бірі танымайтын әртүрлі психологиядағы адамдардың спектакль бітіп, күлкілері саябырсыған кезінде әрқайсысының басына: «Біз кімбіз осы? Қайда бара жатырмыз? Мынадай өмірді күнде көріп, күнде бетпе-бет келіп жүрген жоқпыз ба? Сонда да үндемейміз. Түзелуге тырыспаймыз. Бүйтіп өмір сүруге болмайды ғой. Күні бойы неменеге жетісіп күлдік? Бұл – күлетін нәрсе ме еді? Енді қайттік, енді не істеу керек? Мына қалпымызбен ел бола алмаймыз ғой», деген қалың ой келді.
«Ревизордың» ең басты жеңісі мен жетістігі – елдің санасын өнер арқылы тәрбиелеуге болатындығын дәлелдеп кетті. Гогольдің көрегендікпен айтқан: «Бірін-бірі танымайтын тобыр бір мезгілде күліп, бір мезетте ес жиып, бір мезетте ойға шомады» – деген сөзі расқа айналды.
Қаланың қонақ үйіне Петербургтен кеп орналасып, қызметшісі екеуі екі жетіден бері аштан-аш бұралып, ішкен тамақтарына ақы төлей алмай жатқан студентті ешкімге айтпай, қала өмірін өз бетінше тексеріп жүрген ревизор екен деп әбігерге түсіп, басы қала әкімі боп алаңсыз жатқан студентке неше түрлі қызмет көрсетіп, ең ақырында күткен ревизорлары ол болмай шыққан соң бәрі аң-таң боп тұрғанда, даладан почтмейстер алқына кіріп, қалалық қонақ үйге Петербургтен нағыз ревизор кеп, қала әкімі мен оның төңірегін түгелімен өзіне тез жетсін деп шақырып жатқанын айтқанда, олардың бәрі «аһ»-лап, тұрған-тұрған орындарында қатты да қалды. Көрермендер де құлаққа ұрған танадай үнсіз.
Өлі сахна
Драматургия тәжірибесінде өлі сахнаны өмірге тұңғыш алып келген де Гоголь болды. Ол тіпті өлі сахнаның уақытын пьесада «бір жарым минут» деп дәл көрсетіп те берген. Алайда, сахнадағы бір жарым минут үнсіздік – бітпейтіндей тым ұзақ еді. Шымылдық 52 секундта жабылған. Спектакльді қоюшы Немерович суфлерға келіп: – Сен неге шымылдықты ерте жаптың? – деп сұрағанда ол: «Енді бір секунд болса менің жүрегім жарылып кетер еді» деп жауап беріпті.
Сахна мен көрермен залы да мұндай ұзақтыққа шыдай алмас еді. Партерде отырған бір әйел үнсіздікті бұзып: «Құдая тоба! Актерлардың қазір жүректері жарылып құлап түсетін шығар!» деген дауысы мүлгіген тыныштықты бұзып, саңқ ете түскенде барып жұрт есін жиған көрінеді.
Гогольдің балалық шағы Украинадағы Миргород қаласының маңындағы хуторда өтті. Ол жастайынан ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге, ертегілер, ескілікті ән-жырларға құмар болып, олардың бәрін көкірегіне түйіп өсті.
Гоголь тақыр жерде пайда болмаған жазушы. Оның әкесі Василий Гоголь «Собака Вивия», «Простак или хитрость женщины, перехитреняя солдатом» атты пьесалар жазып, олары көптеген әуесқой театрларда қойылған. Гоголь жастайынан театрмен әуестенеді. Алғашында ол Крыловтың «Қыздарға сабақ» атты комедиясында ойнады. Гогольдің бір замандасы Фонвизиннің «Недоросль» пьесасындағы Гогольдің рөлін былай бағалады: «Мен бұл пьесаны Мәскеуде де, Петербургте де көрдім, бірақ, Простакованың образын он алты жасар Гоголь сияқты бірде бір актриса жеріне жеткізе ойнаған емес».
Гоголь комедиялармен қатар, Озеровтың «Афиналық Эдип» трагедиясында да тамаша образ жасаған актер.
Гоголь әдебиетпен де айналыса бастады. Ол Пушкин өлеңдерін өлердей сүйді. Оның талантына өле-өлгенше бас иіп өтті.
Бірақ оның алғашқы шығармалары сәтсіз болды. («Ганц Кюхельгартен» поэмасы). Театрда да тұрақтап жұмыс істей алмады. Гимназияны бітірген соң Петербург сахнасына шығуға әрекет жасап көрді. Бірақ театр шенеуніктері оны тыңдап, көріп болған соң «театрға жараса да мардымсыз жанама рөлдерден әріге бара алмайды» деп баға берді.
Жолы болмаған Гоголь департаменттерде ұсақ-түйек писарлық жұмыстар атқарды. Тіпті, сурет салумен де шұғылданып көрді.
Бір таңғаларлығы – әр өнердің басын бір шарпып жүріп, ол ғайыптан Санкт-Петербург университетінің тарих пәні бойынша мұғалім (!) болып орналасады. «Бізге оның сабақ беру әдісі де қызық болатын. Бұл менің Гогольді тұңғыш рет көруім еді», − деп еске алады И.С.Тургенев. – Бізге, үшінші курс студенттеріне ол Гоголь-Яновский деген фамилиямен сабақ берді. Ол өзінің әдеті бойынша үш сабақтың екеуіне келмейтін. Бір сабақтың өзін әртүрлі әңгімелер айтып, айдаладағы Палестина мен Шығыс халықтары туралы басы жоқ, аяғы жоқ лекцияларын әзер айтып бітіретін. Оның тарихтан еш хабары жоқ екенін біз іштей түсіндік. Емтиханның өзін де басқа мұғалім қабылдап, тісі ауырған адамдай Гоголь жағын таңып алып, үнсіз отыратын-ды. Өзінің балдырғанды көр деп, батпаққа түсіп кеткенін түсінді ме, көп ұзамай ол «профессорлықтан» бас тартып, өз еркімен отставкаға кетті. Отставкаға жай кете салған жоқ, өзінің қанатты сөзін айтып кетті «Белгісіз боп келіп ем, белгісіз боп кетіп барамын» деп жарияға жар сап кетті.
Осыдан соң ол өзінің тағдыр дайындап қойған ең басты жолы – әдебиет жолына бір жолата бет бұрды. Бұл жол – бәріміз үшін қымбат жол еді».
Гоголь халық өмірін шындап зерттей бастады.
Ақыр соңында «Вечера на хуторе близ Диканьки» повесінің бірінші бөлімін, онан соң екінші бөлімін жариялады. Бұл шығарма жұртты дүр сілкіндірді. «Они изумили меня, – деп жазды А.Пушкин. – Вот настоящая веселость, искреняя, непринужденная, без жеманства, без чопорности. А местами какая поэзия! Какая чувствительность. Все это так необыкнавенно в нашей литературе…» «Современник» журналында А.Плетнев бұл шығарманың драмалық тұстарына өте жоғары баға берді.
Гоголь шығармаларындағы драмалық ерекшеліктерді театрлар да байқады. Бұл шығарма көп ұзамай «Рождество қарсаңындағы түндер» деген атпен сахнаға қойылды.
Гогольдің А.Пушкинмен достығы басталды. Бұл достық Гоголь өміріне ерекше өзгеріс енгізді. Өркениеттен аулақ жатқан шағын ғана хутор адамдары неше түрлі қорқынышты әңгімелер айтуға да өте шебер болатын. Гимназияны бітіріп, Петербургке келген кезінде ол анасына хат жазып, ел ішіндегі фольклорлық-этнографиялық әңгімелерді, өз әкесі жазған комедияны жіберуді өтініп, үзбей хат жазумен болады. Соның нәтижесінде ол өзінің ең алғашқы шығармасы – «Диканька маңындағы хутордағы кештер» деп аталатын повестер циклын жазып шықты. «Россияның көзі ашық зиялы қауымы малороссияның, яғни Украинаның тарихы мен бүгінгі өміріне аса қызығушылық білдіріп отырғанына әбден көзі жеткен Гоголь Украинаның ұлттық тәуелсіздігі жайлы жазылған роман-повестерді анасы арқылы алдырып, оларды байыппен оқып шықты. Орыс әдебиетінде Украина өмірі жайлы жазылған декабрист-ақын Рылеевтің «Войнаровский», «Наливайко» поэмаларын және О.Сомовтың, Нарежнидің романдарымен танысты. Орыс әдебиетін құныға оқи бастады.
Көптеген жазушылар сияқты Гоголь де шығармашылық жолын өлеңмен бастаған. Гимназияда оқып жүргенде жазып, Петербургте аяқтаған «Ганс Кюхельгартен» атты поэмасын 1829 жылы бітіріп, сол жылы журналда жариялайды. Жуковскийдің дәстүрінде жазылған бұл романтикалық-идиллиялық поэма қатты сынға ұшырады. Ызаланған Гоголь бүкіл тиражды түгел сатып алып, бәрін де өртеп жібереді.
Гоголь шығармашылығындағы осы бір оқиға айрықша бетбұрыс жылы болды. Ол поэзияны біржолата тастап, прозаға ауысты. Бұл жылдар орыс әдебиетінің де дүркірей дамып келе жатқан кезеңі еді. Гогольдің жас жазушы ретіндегі алғашқы қадамы Пушкиннің «Евгений Онегин» романының алғашқы тарауларының жарияланып, «Полтава», «Борис Годунов» жарыққа шығып, Пушкин ұйымдастырған «Литературная газетаның» алғашқы саны оқырман қолына тиіп, Ресей шығармашылық интеллигенциясының дүрлігіп жатқан кезі еді. Пушкиннің «Борис Годуновы» Гогольдің өмірге, әдебиетке деген көзқарасын мүлде өзгертіп кетті.
Гогольдің бұл шығармалары жайлы тебіреніске толы мақалалары мен «Диканька маңындағы хутордағы кештер» циклына берген Пушкиннің жоғары бағасы жаңа бағыттың есігін айқара ашты. Осы мақалалар мен шығармалардан зор әсер алған Н.В.Гоголь өзінің жазушылық-азаматтық кредосын анықтап, барлық шығармашылық күш-қуатын шындық жолына жұмсауға бел буды.
Гогольдің үлкен әдебиетке деген бұралаңға толы қысқа да ұзақ жолы осылай басталды. Қысқа болатыны – ол бар-жоғы 43 жыл өмір сүрді. Ұзақ болатыны – сол жолда көрген ғасырға татырлық азапты ғұмыры.
Н.Гогольдің «Ревизоры» жасаған бүкілхалықтық дүрбелеңді ешқандай бұрынғы пьесалар жасаған жоқ. А.Сумараковтың «Хорев», А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы», Д.Фонвизиннің «Тоғышар» пьесалары орыс сыншыларының арасында мақтанышқа толы сан алуан пікірлер тудырып, әдебиет сынымен қатар жоғары дәрежедегі театр сынын қалыптастырса, «Ревизор» бүкілхалықтық, бүкілорыстық дүрбелең туғызды. «Ревизор» қойылған қалада қала басшылары тыныш отыра алмайтын болды, өйткені, оқиға бастала салысымен жалпы көрермен қала басшысына бұрылып қарайтынды шығарды. Кейбір кездері, айталық, Ростов қаласының басшысы ойын жүріп жатқанда сахнаға атып шығып, әртістерді түрмеге жабамын деп қорқытыпты.
Бүкіл Петербург көрермендері комедиядағы шындықтан үрейлене де бастаған. «Русская смотрина», «Современник» журналдары «Ревизор» жайлы белгілі сыншылардың мақалаларымен қатар, қарапайым көрермендердің де пікірлерін жариялап жатты. Белгілі сыншы В.Стасов былай деп еске алады: «Біз «Ревизордың» тұтас көріністерін жаттап алып, бір-бірімізбен жарыса қайталайтынбыз, кей жерлерінде бір-бірімізді түзеп, жаңғыртып, ұзын-сонар монологтарды мүдірмей айтуға машықтанатын едік».
Қоғам өзін-өзі таныды. Қоғам екіге бөлінді. Қарапайым халық ішегі үзілгенше күлді. Билеуші топ болса ашуызаға басты. Гогольді есуас деді, қоғамға жала жапқаны үшін оны Сібірге айдау керек немесе түрмеге жабу керек деп қаһарланды. Тіпті, бұл комедияны император Николай І көріп шығып: «Таяқ бәріне тиіпті, әсіресе, менің сыбағам ерекше екен» деп актерларды арқадан қағып мәз бопты.
Мәскеу губернаторының қабылдауында қаланың белгілі адамдары бас қосып, әр топ әр столға жайғасып, күбір-күбір әңгімеге кірісіпті. Бұл қабылдауда Гоголь де болған екен. Үш сенатор мен бір генерал Гоголь жаққа қарап:
– Осы бір адамды көргім келмейді. Қараңыздаршы, түрі келіспеген біреу. Әліне қарамай өзінше маңғаз, тіпті, әнебіреулердің оған қызмет көрсетіп, бәйек боп жүргеніне жыным кеп отыр! Бұл қандай аттитюда (поза-французша), қайдан тапқан палон (самоуверенность – франц!).
– Ол – революционер, – деді сенатор. – Мен губернатор боп тұрған кезде осы бір есуастың пьесасы сахнада қойылды. Мен де барып көрдім. Пьеса жүріп жатқанда жұрттың бәрі маған бұрылып тұрып қараумен болды. Ал сахнадан билікке бәле жабу, әжуа, жала, сықақ деген қарша борап бара жатыр. Сонан соң сахнаға атып шығып, актерларды қуып шықтым. Мен губернатор боп тұрған кезде «Ревизорды» губернияның маңына жолатпай қойып едім».
Гоголь он жылдай уақыт өткенде «Ревизорды» жұмсартпақ боп, Михаил Щепкинге (қала басшысының рөлін ойнаған) хат жазып, комедияның кейбір тұстарына өзгерту енгізетінін айтады. Щепкин Гогольмен келіспейді. «Ондаған жылдар бойы мен «Ревизордың» барлық кейіпкерлерін тірі адамдай зерттеп келдім. Сіз олардың бірде біріне тиісуші болмаңыз. Маған оларды дәл осы қалпында қалдырыңыз. «Бұлар өмірдегі шенеуніктер емес, біздің қиялымыз» деген сияқты жақауратқанды қойыңыз. Мен ол ойыңызбен келісе алмаймын. Мен он жыл ішінде бұл адамдармен біте қайнасып кеттім, сіздің оларды менен бөлуге хақыңыз жоқ. Сіз менен оларды тартып алғыңыз келеді. Мен оларды Сізге бермеймін. Көзімнің тірі кезінде мен олардан айрылмаймын. Ал мен өлген соң не қылсаңыз да өзіңіз біліңіз. Маған десеңіз ол адамдарыңызды ешкіге айналдырып, отқа қақтаңыз».
Бұл – Щепкиннің ұлы «Ревизорға» деген ұлы махаббаты еді. Ұлы драматургке лайық ойлы да терең, ақылды да бір беткей, шынайы өнерді шындық өмірмен тұтас қарай білетін, саналы да саңлақ суреткер-актері бар заман өнер үшін бақытты кезең екен-ау!
Мұндай топырақтан ұлы тұлғалардың туып жетілуі заңды құбылыс болары хақ.
(Жалғасы бар)
Дулат Исабеков,
жазушы
Дереккөз: http://egemen.kz/