«Өз еркімен келген» тәрбиеленушілер және лагерьдегі «өмір»
Шыңжаң өлкесіне барғандар арасында Reuters ақпарат агенттігінің тілшісі де бар. Агенттіктің жазуынша, бірнеше ресми өкіл шетелдік журналистерді алдымен орталықтағы сабақ өтіп жатқан сыныптарға апарған.
«ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНДЕ ЖЫЛАУ – ЭКСТРЕМИЗМ БЕЛГІСІ»
«Мұғалім мандарин тілінде алдында отырғандарға үйлену тойында ән айту, билеу және жерлеу рәсімінде жылау экстремизмнің белгісі екенін түсіндіріп жатты. Сыныпқа кіргенде бізді күле қарсы алғандар да болды. Кейбірі кітаптан бас алмай сабақ оқып отыр» деп жазды Reuters тілшісі.
Журналистер қытай тілі сабағы өтіп жатқан сыныпқа да кірген. Орталық тәрбиеленушілері «Туған жеріміз сондай кеңбайтақ» деген тақырыпта жазылған мәтінді оқып отырды. Келесі бөлмеде тәрбиеленушілер ән салып, би билеп жүрді. Олар ағылшын тілінде бақыт туралы ән айтып жатты.
Орталық тәрбиеленушілерінің кейбірі шетелдік журналистерге сұхбат берген. Олар тілшілермен тілдескенде сәтте ресми өкілдер қатаң бақылап тұрған. Сұхбат бергендердің барлығы орталық туралы жергілікті басшылықтан білгендерін, бұл жерге өз еріктерімен келгенін айтқан.
Орталық тәрбиеленушілерінің барлығы бірсарынды жауап берген. Айтатындары – «экстремистік топтардың ықпалына түсіп, қателескен».
26 жастағы Пазалайбутуй Хотандағы орталыққа бір жыл бұрын түскен. Ол «бес жыл бұрын көршілерінің үйіндегі заңсыз діни жиындарға қатысқанын» айтады.
«Сол жиында әйелдер бетін жауып жүру керек деп айтатын. Сол кезде экстремистік ойларға еріп, бетімді жабатын орамал кие бастадым. Кейін өз қателігімді түсіндім» деді ол мандарин тілінде.
Қашқар орталығындағы Османжан «аймақта ұлтаралық араздық тудырғаннан кейін жергілікті полиция тәрбиелеу орталығына баруға кеңес бергенін» айтады.
«Экстремистік ойлардың жетегінде кетіп, дүкеніме келген мұсылман емес адамдарға қызмет көрсетуден бас тарттым» дейді ол мандарин тілінде.
Сұхбат берушілердің көбі журналистердің келетінін білмегендерін айтты.
Орталықтағылар «мандарин тілін толық меңгерген соң жоғары білім аламыз. Экстремистік ойлардан тазарамыз» дейді. Оларға «халал тағамдар беріледі. Жақындарымен телефон арқылы сөйлесе алады, бірақ ұялы телефондары жоқ».
Reuters агенттігінің хабарлауынша, шетелдік журналистердің сапары алдында Қытай 12 елден дипломаттар шақырып, Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталықтарын көрсеткен. Шыңжаңға барғандардың арасында Қазақстан, Ресей, Индонезия, Үндістан, Таиланд дипломаттары бар. Қытайға келгендердің арасында Батыс елдерінің дипломаттары болмаған.
«ҚАЗАҚТАР ЖОЙЫЛЫП КЕТТІ МЕ?»
Орталықты аралап болған соң ресми өкілдер журналистерді шашлық, жылқы еті және ұйғырдың ұлттық тағамдары бар мейрамханаға кешкі асқа апарған. Үстел басында Коммунистік партияның Үрімжідегі өкілі Ху Хайжун «Шетелдік басылымдардағы Шыңжаң туралы ақпараттың барлығы – фейк. Біз, коммунистік партияның хатшысы Чэнь Цюаньго бәріміз, Шыңжаңдағы жақсы өмір үшін жұмыс істеп жатырмыз» деді.
Кешкі асқа келген Қытай әскери күштерінің өкілі Шыңжаңдағы жағдай бұрынғы уақытпен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын айтқан.
«2014-2015 жылдары Шыңжаң өлкесінде не болғанын білмейсіздер. Барлық жерде шабуыл, жарылыс, хаос болды» деді аты-жөнін атамаған әскери адам.
Коммунистік партияның Қашқар аймағындағы өкілі Зарк Зурдун дастархан басында «тыныштық – негізгі адам құқығы. Батыс экстремизммен күресте бізден үлгі алсын» деді.
Зарк Зурдун қазақтар көп тұратын Құлжа аймағынан келген. Ол өз сөзінде «Совет одағы кезінде барлығы орыс тілін үйренуі тиіс болды. Осы кезде қазақтар жойылып кетті ме? Жоқ, жойылмады. Демек, ұйғырлар да жойылмайды» деді.
Қытайдың ресми өкілдері Пекин Шыңжаңдағы экстремизмді алдын алу шараларынан бас тартпайтынын, бірақ саяси тәрбиелеу орталықтарына жіберілетін адамдардың санын азайтатындарын айтқан.
Қаңтардың 7-сі күні Қытайдың сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лу Канм Пекинде өткен баспасөз мәслихатында БҰҰ өкілдерін елге кіргізуге дайын екенін жеткізген.
Ол «БҰҰ өкілдері Шыңжаңға келу шарттарын толық сақтаса, Қытайдың ішкі істеріне араласпай, обьективті баға берсе қарсы алуға дайынбыз» деді.
Былтыр желтоқсанның басында БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінің өкілі Мишель Башле Шыңжаңдағы «үрейлі ақпаратқа» қатысты сол аймаққа барудың жолын іздестіріп жатқанын айтқан.
Қытайдағы аз ұлттардың, соның ішінде ұйғыр, қазақ, татарлардың жаппай қысым көріп жатқаны туралы мәлімет ақпарат құралдарында 2017 жылдың сәуір айынан жариялана бастады. Кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар жиі-жиі мәлімдеме жасады. Ал Қытай үкіметі қысымды «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеген және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтқан.
Былтыр қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы орталықтарды лагерь деп атаған. Орталықтардағы адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен әлгіндей лагерьлерде қамауда отырғандарды босатуды талап еткен.
HRW «Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек» деп кеңес берген.
Дереккөз: Азаттық