Отыз жылда еліміз екінші президентке зорға жетіп отырған жоқ па? – Қазыбек Иса

0

Депутаттар Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтыруларды қарастырды.

Мәжілісі депутаты, Ақ жол фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның парламент палаталарының бірлескен отырысында президенттің жалпы өкілеттігі 1 мерзімге қысқарғанын айтып, елді қолдау білдіруге шақырды.

– Президенттің жалпы  өкілеттігі  2 мерзімнен 1 мерзімге қысқарады. Бұл жаңа нормаларды биылғы президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша биыл президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды. Бұл құрғақ сөз емес. Мысалы, демократияның атасы дейтін Америка Құрама Штатында кезінде сондай жағдай заңды деп танылған.  АҚШ Конституциясына 1947 жылы енгізілген 22-ші толықтыруда: “Бір адам екі мерзімнен тыс президент бола алмайды”-деген талабымен қоса “бұл талаптың  енгізілген кездегі президент болып тұрған тұлғаға қатысы жоқ” – деп айқын жазылған. Осы  халықаралық дәстүрге сай егер бұл Конституциялық өзгерістер  президент сайлауынан кейін болатын болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты  тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады. Ондай, үшінші рет сайлауға түсіп, өткен жағдайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып,  2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді. Ал бұған халықаралық заңдылық бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айырмашылық, артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігермен өз қолымен кесіп, бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып  отыр, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, президентті бір реттік мерзімге сайлау демократиялық алға басудың көрінісі болмақ.

– Яғни, Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолғы президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына президент сайлауына қайта қатысуға заңмен тыйым салынады. Бірден айтарымыз, Президентті  бір реттік мерзімге сайлау демократиялық алға басудың айқын қадамы және саяси реформалардың жалғасы. Осы біз президенттікке  ешқандай мерзімсіз көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші президентке  зорға жетіп отырған жоқ па?  Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір көрдік… Ал жаңа норманы қазір енгізсек, 30 жыл емес, 14 жылда  жылда 2 президент болады. Енді президент Тоқаевтың өзі екі мерзім сайлануға мүмкіндік қолында тұрса да, бір мерзім ғана сайлауды өзгермейтіндей етіп, Атазаңға жазып қоюды ұсынып жатқанда, қолдаудың орнына, «неге президент бір рет қана сайлануы керек»  деп, қисық тартып  жатқандарға не деуге болады? Жеті жыл уақыт – қандай жетістікке жетуге де жеткілікті  мерзім. Қазақта 7 саны қасиетті санға жататынын да ұмытпайық, – деді Қазыбек Иса.