Отставкаға кеткен Сағынтаев Назарбаевқа алғыс айтты

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен отставкаға кеткен бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев видео мәлімдеме жариялады. Ол үндеуінде Қазақстан басшысына алғысын айтқан.

«Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді. Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық. Елбасы — еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды бүгіні мен жарқын болашағын тек қана Елбасының есімімен байланыстырады» деді Сағынтаев мәлімдемесінде.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, «ел үкіметі отставкаға кетуі тиіс» деген. Ол «әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын» айтқан. Назарбаев Сағынтаев басқарған үкімет бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбады деп айыптаған.

Бұл мәлімдемеден кейін бірер сағат өткен соң Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқаратын үкіметті отставкаға жіберіп, Асқар Маминді уақытша премьер-министр етіп тағайындаған.

Қазақстан үкіметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері Бақытжан Сағынтаев басқарып келген. Қазақстан Конституциясына сай, үкіметті президент жасақтайды.​

Азаттық