Өткен сайлауларда заң бұзылғанын бақылағандар

0

Алматылық Серік Керей 2005 жылы өткен президент сайлауын «Әділетті Қазақстан» қозғалысы атынан президенттікке кандидат Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабының сенімді өкілі бақылаған. Ол сол сайлауда топ адамды автобуспен бірнеше сайлау учаскесіне апарып, дауыс бергізетін («карусель» деп аталады) лас әдіске куә болғанын айтады.

— Алматыдағы Дорожник шағын ауылындағы сайлау бөлімшесінде бақылаушы болдым. Ол кезде қазіргідей телефонға немесе видеоға түсіру мүмкіндігі жоқ. Біздің негізгі міндетіміз — заңсыздыққа жол бермеу, тыйым салу болды. Ең жиі кездесетін заңсыздықтардың бірі – сайлау аяқталуға жақындап, жұрт аяғы сиреген кезде бюллетеньді жәшікке топтап салу. Тура осындай жайтқа куә болдым. Бір адам оншақты бюллетеньді жәшікке салып жатқан сәтте кіріп қалдым. Ол кісі мені көре сала сыртқа қарай қашты. Комиссия мүшелері ол адамды танымаймыз деп шықты. Бірақ ешкім тоқтау салған жоқ, — дейді ол.

Орал қаласында тұратын белсенді әрі бард әнші Жанат Есентаев 2015 жылғы президент сайлауы мен 2016 жылғы парламент сайлауында бақылаушы болғанын айтады. Оның сөзінше, жергілікті «Абырой» қоғамдық ұйымы бірнеше бақылаушы дайындап, қала ішіндегі он сайлау учаскесіне қойған. Жанат Есентаев «екі сайлауда да заңсыздықтардың алдын алдық» де есептейді.

Бард әнші әрі белсенді Жанат Есентаев. Орал, 5 сәуір 2018 жыл.

Бард әнші әрі белсенді Жанат Есентаев. Орал, 5 сәуір 2018 жыл.

— 2015 жылғы президент сайлауы барысында, бізден сескенді ме, әлде құрсын, осы он учаскеге тиіспейік деді ме, білмеймін, әйтеуір көзге көрінетіндей заңсыздық болған жоқ. Басқа сайлау учаскелерінде негізгі кандидат 91 пайыздан жоғары дауыс алып жатқанда, біз бақылаған учаскелерде 47 пайыз ғана болды. Хаттама солай толтырылды, — дейді Жанат Есентаев.

Маңғыстаулық Жәнібек Қожық бұған дейінгі президент және парламент сайлауларында бақылаушы болған. Оның сөзінше, сайлау бюллетенінде сайлау комиссиясы төрағасының қолы бар-жоғын тексеріп алу маңызды.

— Кейін сайлау комиссиясы төрағасының қолы қойылмаған бюллетень жарамсыз болып саналады, — дейді ол.

Жәнібек Қожықтың пікірінше, елдегі «9970 сайлау учаскесін бақылауға 30 мың бақылаушы керек, бірақ ол мүмкін емес».

— Дауыс беру кезіндегі заң бұзушылықтар шамамен күндізгі сағат 10 мен 11 немесе сағат 17 мен 19 аралығында болады. Сайлаушылардың көбі таңертең келеді. Дәл сол кезде көпшіліктің арасында жүріп байқатпай бюллетень салып жіберуге тырысады. Ал кешке ел аяғы сиреп, бақылаушылар сыртқа шығып кеткен кезде топтап салып жібереді. Бақылаушыларды ас ішуге шақыруы мүмкін. Бірақ бақылаушылар сайлаушылар дауыс беріп жатқан жерден барлығы бір мезетте шығып кетпеуі керек, — дейді Жәнібек Қожық.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев 20015 жылы «Тәуелсіз бақылаушылар жүйесі» ұйымын құрып, президент сайлауын бақылаған. Ол сайлау заңдылығы тек сайлау күнімен ғана анықталмайды, сондықтан сайлау науқанын басынан бастап соңына дейін түгел бақылау керек» деп санайды.​

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 16 ақпан 2016 жыл.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 16 ақпан 2016 жыл.

Шорманбаевтың айтуынша, өзі құрған ұйымның бақылаушылары сайлау учаскелерінде бір адамның бірнеше мәрте дауыс беруі және бюллетеньді топтап салу жайттарын тіркеген. Бұдан басқа комиссия тарапының дауыс беруге құқы жоқ адамдарға мүмкіндік беруі және жоқ адамдарды сайлаушылардың тізіміне қосып жіберу.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының миссиясы Қазақстандағы сайлауларды бақылаған. Бұған дейін осы бюро бірнеше рет заң бұзушылықтар жиі қайталанатынын мәлімдеп, сайлау процесінің кей сәттерін сынаған.

2016 жылғы парламент сайлауы кезінде Азаттық түсірген видео:

Azattyq