Өтегеновтің денсаулығы нашар деген мәлімет жалған
Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті АП-162/4 мекемесінде «Шаңырақ ісі» бойынша жазасын өтеп жатқан Құрманғазы Өтегеновке түрме қызметкерлері «заңсыз әрекет жасады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Департаменттің Азаттыққа жолдаған хатында «Өтегеновтің денсаулығы нашарлады деген мәлімет жалған» деп жазылған.
Бұған дейін павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова Құрманғазы Өтегеновтің денсаулығы нашар екенін, гастриті асқынып бара жатқанын, аяғы ауыратынын хабарлаған. Құқық қорғаушы «медициналық көмек жақсы емес, жаздық киімге зәру және соңғы бір айда салмағы 10 килограмға азайып кетті» деген.
Департамент бұл ақпаратты терістеп, «қазір сотталушының жағдайы жақсы, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Түрмеге түскенде салмағы 70 килограмм болса, қазір 72 килограмм» деді.
Бұдан бөлек, департамент «Семенова Өтегеновтің адвокаты емес және ол қысқа ғана уақыт кездесуге келген» деп хабарлады.
Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 16 жылға түрме жазасына кесілген. Кейін оған “түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады” деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.
2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек те әлі қамауда отыр. Ал «Шаңырақ ісі» бойынша түрмеге қамалған Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.