«Өте қатал күйеумін»: Сәбит Әбдіхалықов бұрынғы жұбайларымен қалай өмір сүргенін ашық айтты

0

Отандық актер, продюсер Сәбит Әбдіхалықов «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында отбасында қандай жар екенін ашық айтты. Өнер иесі өзінің мінезінің ауыр екенін мойындады, десе де ол бұған дейінгі екі некесінде де отбасына тастап кетпегенін тілге тиек етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сәбит Әбдіхалықов сұхбат барысында жеке өмірін, оның ішінде өткенін қозғағысы келмейтінін жеткізді. Дегенмен, ол өзінің қандай жар болғанын жасырмайтынын айтады. «Мен өткен өмірімді қазбалап, ешкімді кінәлағым келмейді. Бірақ мен өте қатал күйеумін. Оны мойындаймын. Әсіресе, өнер адамдарына қатал болмасаң, болмайды. Оларға еркіндік керек. Қатал болдым мен. Отбасымда ыдыс-аяқ сыңғырлады, мінезім бар. Мен періште емеспін. Мүмкін жаман шығармын», — деген ол қазіргі күні бұрынғы жұбайларына тек қана амандық тілейтінін мәлім етті. «Бақытты болсын, бәрі жақсы. Екеуі де жақсы. Аман болсын. Құдайға шүкір. Міне, ұлымды өсіріп отыр. Айгүлдің анасына, Айгүлге рахмет (ред. — Иманбаева). Тәрбиелі Асылжан деген баламды өсірді. Басында кеткен кезде Айгүл де үш-төрт жыл бойы баламды көрсетпей, араластырмай, ашуланып жүрді. Ондай болады. Содан кейін барып барлығы өз орнына келеді. Мына жақта да солай болды. Үш-төрт жыл балалармен араласпай, солай болды. Қазір бәрі орнына келді. Болатын нәрсе болды. Уақыт көрсетіп жатыр. Мен қазір отырып алып, балаларымның шешесі жайлы жаман сөз айтпаймын. Ол — менің жеке өмірім. Әр отбасында әйтеуір бір проблема бар. Біреудің баласы ажырасады, біреудің қызы, біреудің өзі ажырасады. Сол сияқты қарапайым қазақтың отбасындағы секілді, бұл да бір менің жеке проблемам. Ары қарай өмірге жеңіл қарау керек. Ешкімге ренжімеу керек. Қазір жүрек ауырғалы бері мен сондайға ауыстым. Болашақпен өмір сүру керек», — деді ол. Сәбит Әбдіхалықов бүгінде үшінші жұбайы, актриса Динара Абдуллинамен бірге өмір сүруде. Оның бірінші әйелі отандық танымал актриса Айгүл Иманбаева болса, екінші жұбайы — әнші Алтынай Жорабаева екені белгілі. Айта кету керек, ол Жорабаевамен 2016 жылы ажырасып кеткен. Олардың ортақ төрт қызы бар.