«Өте өкінішті!». Талабы өзгерген «Мисс Қазақстан» байқауынан ши шықты
Республикалық «Мисс Қазақстан» байқауы басталмай жатып дауға ілікті. Жақында аталған жобаның басшылығы жаңа ереже енгізген. Соған сай өңірдегі додадан жеңіп шыққан кейбір сұлулар басты байқауға қатыспайтын болыпты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Атап айтқанда, Петропавл, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Орал, Талдықорғанның намысын қорғаған сұлулар республикалық деңгейде өнер көрсетпейді. Мұны байқау ұйымдастырушылары ереженің өзгергенімен түсіндіреді.
Дода қатысушыларының айтуынша, бұрын өңірлік байқаудан жеңіп шыққандар тікелей республикаға жолдама алса, биыл республиканың өзіне тағы жартылай финал ұйымдастырған көрінеді.
Мысалы, Таразда әу баста ұйымдастырушылар 400 қыздың ішінен Гүлжан Әуесбаеваны таңдап алған. Алайда соңында одан да бас тартқан.
Тараз қаласында өңірлік конкурс өткен жоқ. Ал басқа қалаларда конкурстан өткен қыздарға өте өкінішті. Өзіміз туралы 5 минуттың ішінде қысқаша мағлұмат бердік. Ертесінде, 26 қазанда финалға өтпегенім туралы хабар айтты. Қандай да бір себебін айтқан жоқ, — дейді Гүлжан Әуесбаева.
Ал ұйымдастырушылар биыл байқау ережесін қатаңдаттық деп отыр. Айтуларынша, республикадан жеңген қыз әлемдік додаға қатысатын болғандықтан, барлық талапқай сай келуі керек екен. Сол себепті, іріктеу өте қатал өткен.
Биыл 7 өңірді таңдаған жоқпыз. Өйткені оның арасында 16 жастағы қыз болды. Кәмелетке толмаған қыздар бар. Талапқа сәйкес, оның бойы, түрінен бөлек, қалай өзін көрсетуі, оның энергиясы, интеллекті, білімі – барлығы сәйкес келуі керек. Биылдан бастап әр өңірдегі әр қатысушыға талабымыз жоғарылай бастады. Өйткені біз әлемдік деңгейге қатысу үшін сол стандартқа сәйкес келуіміз керек. «Қазақстан аруы» – біздің бет-бейнеміз, — дейді «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева.
Ұйымдастырушылар республикалық байқауға жолдама алмаған 7 өңір сұлуларының орнына басқалар қатысады дейді. Оларды кастинг арқылы таңдап алыпты. Бірақ финал әлі барлық өңірде толық өткізілмегендіктен, финалистердің нақты тізімін көрсетпеген. Оның аяқталуын 9 қараша күні өтетін баспасөз мәслихатында жарияламақ.