«Өте ауыр жыл болады»: Сарапшылар 2020 жылы теңге бағамы қандай болатынын болжады — Қазақстан жаңалықтары

0

Сом өз құнын сақтап қалғанда, теңге неге құлдырап жатыр? Stan.kz тілшісі танымал экономистер мен саясаттанушылардан келесі жылы еліміздің экономикасында қандай өзгерістер болатынына болжам жасап көрді. 

оразалы сабден

Экономист Оразалы Сәбден:

«Экономист ретінде теңгенің құнсызданып төмен құлдырағанда сомның өз бағасын ұстап тұруын айтайын. Біздің эконмика Ресеймен тығыз байланысты. Ал қазіргі таңда Ресейде санкция болып жатыр. Бұдан бөлек тағы басқа шектеулерге байланысты Ресейдің экономикасы құлдырап, келесі жылы 1%-ға дейін төмен түседі.

Менің ойымша, ендігі жылы әлем бойынша кризистің екінші толқыны болады. Әлемнің жалпы табысы 2,7%-ге төмен түседі. Дәл осы құлдыраудан соң Америка 1%-ға, Еуропа Одағы 0,8%-ға түседі. Британия да осындай құлдырауды бастан кешеді. Осындай жағдайда біздің де экономикамыз кризиске сөзсіз ұшырайды. Сондықтан келесі жыл бізге өте ауыр жыл болады. 

Бұл ақпараттарды өзімнің ғылыми болжамым бойынша және әлемдік эксперттердің көзқарастарымен салыстырып айтып отырмын. Экономист ретінде әлем экономикасындағы өзгерістердің қай бағытқа бұрылатынын көріп отырмыз. 

Соммен салыстырғандағы теңгенің бір орнында тұрмай құнсыздануы тікелей елдің ішкі-сыртқы ахуалына байланысты. Біздің шет елдегі қарыз 170 млрд теңгені құрайды. Бұндай қарыз әлем бойынша ешбір елде жоқ. Ресейде де басқасында да. Біздің ұлттық табыстан қарызымыз 100% пайыздан асып кетті. Ал көрші өзбек елінде қарыз өте төмен, жоқтың есебінде. Міне осындай факторлар теңгенің құнсыздануына әкеліп отыр. Оның үстіне біз шикізат еліміз. Ішкі өндіріс жоқ. 

Алдымызда келе жатқан қиындықтарға байланысты екі нәрсе керек. Біреуі, мемлекеттік антикризистік бағдарлама ашу керек. Жалпы стратегиялық бағдарлама бар, бірақ антикризистік бағдарламаны мен көрген жоқпын. Ал екінші, жаңа президентіміз экономикалық үлкен реформаларға баруы керек. Сайлау жүйесін реттеу керек. Сондай-ақ, бірпалаталы парламент болуы керек деп ойлаймын. Себебі, қазір кез-келген адамнан депутатыңыз кім десе, жауап бере алмайды. Депутатардың 50%-ын халық, 50%-ын партия сайлауы керек. Осындай көптеген түбегейлі өзгерістерге бармасақ, біздің жағдайымыз қиын болады. Ең алдымен осы екі дүниені қолға алу керек. Екеуі де өте үлкен саяси күш-жігерді талап етеді. Ал бұған президенттік саяси күш-жігері жетеді ме оны айта алмаймын», — дейді экономист. 

досБелгілі саясаттанушы Дос Көшім:

Теңгенің құнсыздануы екі мәселеге байланысты. Бірінші, бізде өндіріс жоқ. Тек шикізатқа байланып қалғанбыз. Біз өнім шығара алмайтын елміз. Сондықтан бізде тұрақты қаржы болмайды. Бізде отыз жыл ішінде шелек шығаратын бір өндіс орны жоқ. 

Екінші, осы қаржы институттарын ұстап тұратын жақсы мамандар жетіспейді. Қанша жылдан бері ұлттық банктің тізгінін ұстамаған адам жоқ. Бірақ өзінің теңгесін қырғыз сияқты ұстап тұра алмаса, онда жақсы маман жоқ деген сөз. Өйткені, дәл мынандай құлдырау көргенім жоқ. 5-10% құлдырауға болады, ал бізде 4-5 жыл ішінде ұлттық валютамыз 100%-ға құлдырады. Алдын-ала болжам жасайтын, әрекетке көшетін қаржы институттары жоқ. Және келесі жылы да осы жағдаймен қаламыз деген ойдамын. Бұл — биліктің кінәсі. 

Келесі жылы дәл осы жағдаймен доллар көтеріле береді. Қанша кризис деп айтқанмен Еуропа елдері өздерінің қаржылық құндылығын сақтап отыр. Біз болсақ, теңге құнсызданса, әлемдік құлдыраудан көреміз. Мен әлемдік кризис деп айтпас едім. Әлемдік дағдарыс толқын тәріздес болып отырады, бірақ басқа елдер оған алдын-ала дайындалады. Сөйтіп дағдарыстан аз шығынмен өтеді. Ал біз аяғымыз аспаннан келіп құлаймыз. Келесі жылы дәл осы жағдай сақталады. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

stan.kz