Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын балалар фильмі түсіріледі

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 17:18 228

Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын балалар фильмі түсіріледі


АСТАНА. ҚазАқпарат — Балаларға отбасылық құндылықтарды насихаттайтын отандық фильм түсіріледі. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Алдағы жылы мемлекет қаражатынан балаларға арналған отбасылық құндылықтарды насихаттайтын фильмдерді түсіру қолға алынады. Бүгінде аталған жоба бойынша елімізге белгілі кинорежиссерлер Ақан Сатаев, Тимур Бекмамбетов және Ермек Тұрсыновпен келісімдер жасалу үстінде. Мақсаты — фильм арқылы балалар мен жастарға ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу», — деді Ләззат Сүлеймен.

Оның айтуынша, балаларға арналған фильмдердің алғашқысы келесі жылы жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық өңірінде көрсетілетін болады.

«Мемлекет қаржысынан бөлек, аталған жобаға жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар тартылатын болады. Сол сияқты бұл алдағы жылдары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Яғни бір фильм түсірумен шаруа бітпейді. Одан бөлек, фильмнің мазмұнына ерекше мән беретін боламыз, өйткені кинотуынды алдымен тәрбие құралы болуы тиіс», — деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін Астанада тұрмысы төмен отбасылардың балалары, ерекше күтімді талап ететін және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  фильм тегін көрсетілді.  

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz