Отбасы тәрбиесіндегі осалдық

0

Бұл өркениетті Еуропада орын алып отырған алғашқы жағдай емес. Бірер жыл бұрын Гер­­манияда ата-анасының дауыс көтеріп, жекіргені үшін ювен­альдық полиция баланы әке-шешесінен айырып алғаны туралы айтылған болатын. Сон­да­ғы бар дәлелі балаға күш көр­сетуге болмайды деген уәж көрі­неді. Ол жолы да ата-ана өз­де­рі­нің ондай «тәртіпке» наразы екен­діктерін білдірген. Бірақ олар­дың өкпе-назына құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Бірден айта кетейік, Еуро­одақ­қа мүше елдердің басым көпшілігінде жоғары­дағыдай заң әлдеқашан-ақ қабыл­данған. Бұл нені білдіреді? Қара­­пайым тілмен айтсақ, бұл өзің дүние­­ге әкеліп, түн ұйқыңды төрт бөліп бағып-қағып, бүкіл бос уақы­тың­ды жұмсап тәрбиелеп, оқытып, өсіріп шыққан туған балаңа бір ауыз сөз айтуыңа болмайды деген сөз. Осы жерде бір күлкілі мәселе туындайды. Ту­ған балаңа, қазақы тілмен айт­қанда «бауыр етіңе» сенен гөрі өзгелердің көбірек жаны ашиды, олар саған қарағанда әлдеқайда көбірек жақ­сы­лық жасайды дегенге кім сенеді?! Егер шынымен де солай болса, мемлекет сендер дұрыс бақпайсыңдар деп әрбір баланы туған сәтінен бастап неге өз күтіміне алмайды? Бюджеттен қыруар қаржы бөліп, тәрбиешілер тағайындап, қанат­тыға қақтырмай, тұм­сық­­ты­ға шоқыттырмай өсіріп шы­ға­руына болады ғой. Менің пайым­дауымша, ата-аналарға күдік­пен қараған кез келген мем­лекет әу бастан осылай жасауы тиіс. Әрине ақиқат біз ой­ла­ған­нан гөрі әріде. Бұл жерде ұр­пақ­қа деген жанашырлық емес, ата-ана мен бала арасына сына қағу, баланы өзінің туған әке-шешесіне жат қылу пиғылы жатыр. 

 Батыста отбасылық құнды­лық­­тарға нұқсан келтіру ба­ғы­тын­да қарқынды жұмыс жүр­гі­­­зі­ліп жатқаны туралы көп жыл­­дан бері айтылып келеді. Өзі­­мізге қатысы жоқ болған соң біз ондай «ұсақ-түйекке» назар ау­дарған емеспіз. Түсінуімше, бұл бекер сияқты. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» дегендей, Ба­тыс­та қалыпты саналатын жағ­дайдың елімізде ара-тұра болса да бой көрсетіп қалып жата­ты­нын кейде бай­қап та жүр­міз. Мәселен, жоғарыда айт­қан ювенальдық полиция бізде де бар. Рас, халқымыздың мен­тали­те­тіне байланысты ол әзірге ата-ана мен баланың арасына түсіп жат­қан жоқ. Бірақ жыл­дар­дың жылында олардың да еуропалық әріп­тестерінен үлгі алмасына кім кепіл. 

Әңгіменің ашығына келер бол­­сақ, кәрі құрлықта болып жат­­қан, бізге оғаштау көрінетін көп­­те­ген оқи­ға­лар­дың астарында құпия сырлар­дың жатқанын көп­шілігіміз түсіне бер­мейміз. Ай­талық, отбасылық құн­ды­­лық­тарды бұзу деген нені біл­ді­ре­ді, ондай мақсаттың артында не тұр? Он­дағы басты мақсат –  адам­дар­дың дәстүрлі түрде үйленіп, балалы-шаға­лы болып, ұрпақ жалғастыруына кедергі келтіру. Осындай ниетті жүзеге асырудың алғашқы бейкүнә жолы ретінде дүниеге келген тәсіл «азаматтық неке» болатын. Мұндай некенің ерекшелігі сол, онда ерлі-зайыптылардың бір де бірі өздеріне отбасы туралы, бала туралы, яғни ұрпақ өсіру туралы міндеттеме алмайды. Өйткені «азаматтық неке» тәртібі бойынша қосылғандар өмір бойы бірге тұра да бермейді. Олардың күні ертең-ақ айырылысып, басқа біреулермен жұп құрып, тіршіліктерін алаңсыз жалғастыра берулеріне болады. Екінші тәсіл – гендерлік саясат. Бұл өте терең ойластырылған амал. Әйелдер тең құқылы болу керек, олар да ерлер сияқты қызмет істеуі керек дейді. Мұн­дай пікірге кім қарсы шыға ала­ды. Оған қарсы шық­қан кісі әйелдерді, керек десең, тіпті өз анасын сыйламайтын адам болып шығуы мүмкін. Демо­кра­тия­ны мойындамау өз алдына. Сондықтан жұрттың бәрі келі­седі. Ондағы құпия неде дей­сіздер ғой? Ондағы құпия сол, қызмет істеген, әсіресе жау­ап­­ты қызмет істеген әйелдің 4-5 бала тауып, оларды бағып-қа­ғып үйде отырмайтыны белгілі. Әрі кетсе бір немесе екі бала туар. Сонымен іс бітті. Де­мо­­графтардың ай­туынша, ұлт саны өсу үшін әр отбасына кем де­генде 3 баладан келуі тиіс. Сон­да әке мен шеше қартайып дүние­ден өткен кезде екеуі олардың орнын басады да, үшінші бала өсімге қызмет етеді. Егер әр отбасында екі баладан ғана болатын болса ұлт өспейді, егер бір ғана бала болса ұлт саны кемиді. 

Жалпы, бұл мысалдар өр­ке­ниет­ті деуге келетіндей, сон­­ша­лық бір оғаштығы жоқ жайт­­тар көрінеді. Сол себеп­­тен де шығар, мұндай жағдай­лар­ға ешкім онша назар аудара бер­мейді, қалыпты дүние ретінде қарайды. Тырнақ астынан кір іздей алмайсың. Бірақ от­ба­сы­лық құндылықтарды құрту шара­лары мұнымен шектеліп қалған жоқ, олардың адам ойына кел­мей­тін небір сұмдықтары пайда бо­лып жатыр. 

Соның бірі – еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің үй­лен­уі. Бұл енді айтпаса да бел­гі­лі жайт. Мұндай отбасының дү­ние­ге бала әкелмейтіні, демек он­дай­ларды адамзат ұрпағын жал­ғастыратын дәстүрлі отбасы деп атауға келмейтіні өзінен өзі түсі­­нік­ті. Олардың арасында бала асы­рап алып жатқандар да бар. Бірақ ой­­ланып көрейікші, екі еркектің немесе екі әйелдің орта­сында өсіп шық­қан баланың пси­хологиясы, әке мен шеше туралы түсінігі қандай бол­мақ? Одан қалды, ондай бала есейген кезде дәстүрлі отбасын құрып, ұр­пақ таратуға қабілетті бола ала ма? Бұл да күмәнді мәселе. Демек бір жынысты некенің отбасылық құндылықтарды тү­бе­гейлі жоюға қызмет ететіні еш­қандай талас тудырмауы тиіс. Соған қарамастан мұндай салт жылдан-жылға кең өріс ала түсуде. Әлемнің 20-дан астам елін­де бір жынысты некенің заң­дастырылуы сөзімізге дәлел. Және мұндай елдердің қатары болашақта арта түспек. 

Бүгінде Батыста адам­дар­дың жұ­рт­­шы­лық алдында жар­тылай жалаңаш жүр­уі үйреншікті көрініске айналып барады. Бұл сияқты әбес қылықтарды кейде теледидар экрандарынан да көріп қалып жатамыз. Бұл аз десеңіз, олар біздің құқымыз аяққа тапталмауы тиіс деп заңды талаптар да қойып жатады. Айталық, климаттың жылынуын тоқтату, соғыс өртін тудырмай, босқындардың елдеріне оралуына жағдай жасау сияқты талаптардың орындалмауы әбден мүмкін, ал жаңа­ғы гей­лердің талаптары міндетті түрде орындалады. Сөйтсек, біз ұят­сыз­дық деп қана бағалайтын мұндай әре­кеттер себепсіз пайда болған құбылыс емес, оның да астары бар екен. Соңғы жылдары психолог мамандар мұндай көріністердің жоспарлы түрде ұйымдастырылатынын, оның да отбасы деген қасиетті ұғымға қарсы жұмыс істейтінін дәлелдеп отыр. Өйткені адам­дар­дың бір бірін жалаңаш күйінде үнемі көріп жүруі сал­да­ры­нан түптің-түбінде еркек­тің әйелге, әйелдің еркекке деген құ­марлығы әлсірейді екен. Себебі тәт­тіні көп жесең жүректі айнытатыны сияқты, күнде көріп жүрген дүние кісіні қызықтырмайтын болады. Ешқандай құпиялық жоқ, өзі қан­дай болады екен, көзбен көрсе ғой деп армандамайсың – бәрі көз алдыңда тұр. Әрі-бері­ден соң тіпті жалықтыра бас­тайды. Егер адам бір көруге ын­тызар болып жүрген затын аяқ астынан көре қалса, е, осы ма әлгі кереметің деп өзінің соншама әуре болғанына ренжиді емес пе. Біз баяндап отырған жайт та дәл сол сияқты екен. Еркек пен әйел бір-бірін еш кедергісіз үнемі тыр жалаңаш күй­ін­де көре беретін болса, оның өзі ақыр соңында олардың бір-біріне деген құмарлығын жойып, оның арты «осыған» бола үйлену қажет пе, жоқ па деген сауалдың туындауына алып келетін көрінеді. Осылайша дәстүрлі отбасын құруға деген ықылас та, қажеттілік те азая береді. 

Әлемде халық саны тым көбейіп барады, ертең олардың бәрін азық-түлікпен, басқа да ресурстармен қамта­ма­сыз ету мүмкін болмай қалады, сон­дықтан жер беті тұрғындарының санын азайту керек деген мәсе­ле­нің кө­теріліп, оны жүзеге асы­ру жолында тиянақты жұ­мыс жүргізіліп жат­қа­нына талай жылдың жүзі болды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін алпауыт байлар миллиардтаған доллар қаржы да бөлуде. Тіпті кішкентай кезінде арнайы вакцинамен егілген қыз баланың жиырма жасқа келгенде жүкті болу қабілеті жойылады екен деген алыпқашпа әңгімелер де айтылып қалып жүр. Соңғы кездері ютубта вакциналардың зияны туралы лекциялар да пайда бола бастады. Сонымен бірге Батыс Еуропадағы қалта­лы азаматтардың балаларын ектір­мей­тіні де белгілі болып отыр. Мұн­дай қауесетке сенбейін де­сең, бүгінде аурушаң балалар мен жүкті болу қабілетінен айырылған әйелдер қатары тым көбейіп барады.

Ойымызды осы мақаланың бас­ында келтірілген баланы шапалақтау мәселесімен түйін­деу дұрыс сияқты. 3-4 жыл бұрын белгілі журналист Мая Бекбаева «Астана» телеарнасында ұйымдастырған бір ток-шоуды қарадым. Әңгіме біз айтып отырған тақырып – балаға қол жұмсау керек пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде өрбіді. Әрине айтылған пікірлер сан алуан болды. Ол заңды да. Солардың ішінде осы хабарға қатысып отырған бір жігіттің пікірі маған ерекше ой салды. «Бала кезімде тәртіп бұза қалған шақтарымда әкем мені талай шапа­лақ­таған. Одан ешқандай жаман­дық көрген емеспін, жа­с­ық болып та шыққан жоқпын, егер бүгінде қандай да бір жетіс­тік­ке жеткен болсам, соның бәрі әкемнің қатаң тәр­бие­легенінің арқасы», деді жа­ңа­ғы жігіт. Сөйтсе әлгі корей жігіті Қазақ­стан­дағы белгілі бір спорт федерациясын басқарады екен.

Шыны керек, бала кезімізде бәрі­міз де әке-шешемізден талай ша­па­лақ алдық. Бірақ одан ешқашан мұ­қалған да, жасыған да емеспіз. Әрі кетсе бір жылап алып ойынды әрі қарай жалғастыра беретінбіз. Өйт­ке­ні әке-шешенің балаға жаман бол деп ұрыспайтынын, өмірдегі ең жанашыр адамдар да солар екенін жүрекпен түсінетінбіз. Сол себепті бірдемеден қорық­сақ, біреулерден зәбір көрсек үйге жүгіріп келіп әке-шешемізге шағым айтып, солардан көмек сұрайтынбыз. Олар да іле араша түсетін. Өзі шапалақтаса да өз баласының өзгелерден зәбір көруіне еш­уақытта жол бер­мей­тін. Кейде маған тіпті әкемді шапалақтағаны үшін де жақсы көрген сияқты болып көрінеді. Өйткені ол өзімсініп ша­па­лақ­­­тай­тын, сол шапалағының өзі­нен бір әкелік қамқорлық сезі­ле­тін. Бәлкім ер­тең өмірден шапа­лақ көрмеуі үшін қазір мен шапалақтайын деп ой­ла­ған да болар әке. Қалай дегенде де ата-ананың балаға ара-тұра істеген теріс ісіне қарай қаталдық танытуы тәрбиенің бір түрі болатын. Нағыз азамат қатал тәрбиенің нәтижесінде шың­­далып шығады. Оның үстіне халық­аралық сарапшылар жүргізген түрлі зерттеулер нәти­жесінде соңғы жыл­дары еркек­тер әйел мінезді болып бара жатыр деген қорытындылар жа­­с­ап отыр. Олай болса, бар бәле жет­кін­шектің жігерін жанитын шапалақта емес, одан гөрі тереңіректе жатқан бол­са қайтеміз.

 Сіздер қалай ойлайсыздар, ағай­ын­дар? Біз келешекте берік от­ба­сының тұтқасы болатын нағыз ер-азаматтар тәрбиелей алып жүрміз бе?.. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/