«Отанын сатты» деп айыпталған Януковичке сот үкімі шықты

0

24 қаңтарда өткен отырыста судьялар Януковичке тағылған айыптар толық дәлелденді деп, сырттай 13 жылға соттады. Судьялар «Янукович Ресей билігінен Украинаға әскер кіргізуді өтінген және оған дәлел жеткілікті» деп санайды.

Сот экс-президентті «Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғуға септесті» және «Майдандағы бейбіт шеру кезінде халыққа оқ атты» деген айыптар бойынша ақтады. Украина бас прокуратурасы Януковичті 15 жылға соттауды сұраған.

Яноукович үстінен қозғалған іс 69 томнан тұрады. Үкім оқу бірнеше сағатқа созылды. Шешім шыққан сот отырысына Янукович келген жоқ. Сот Януковичке 70-ке жуық шақырту жібергенімен, ол сотқа келмеді. Адвокаттары Януковичке операция жасалғанын және емделіп жатқанын айтқан. Былтыр қарашада да адвокаттар Януковичтің жарақаттанып қалғанын, сот отырысына видео байланыспен де қатыса алмайтынын айтқан.

Виктор Янукович.

Виктор Янукович.

Сот 5 желтоқсанда Янукович ауруханадан видео арқылы қосылып, соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берген. Бірақ ол соңғы сөз айту құқығын пайдаланудан бас тартқан. Янукович өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

  • Янукович 2010-2014 жылдары Украина президенті болған.
  • 2014 жылы елдегі саяси дағдарыс кезінде Жоғарғы рада шешімімен биліктен шеттетілген. Кейін ресейлік әскерилердің көмегімен осы елге қашып кеткен. Қазір Ресейде тұрып жатыр.
  • 2015 жылы ақпанда Жоғарғы рада Януковичтің қызметінен кетіретін заң қабылдаған.
  • Украинаның қазіргі билігі Януковичті «Майдандағы бейбіт шеру кезінде халыққа оқ атты, ел Конституциясын заңсыз өзгертті және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, пара алды» деп те айыптаған.
  • Украина экс-президентінің соты 2017 жылы мамырда басталған.
  • Сот отырыстарында Украинаның қазіргі президенті Петр Порошенко, Украинаның бұрынғы премьер-министрі Арсений Яценюк жауап берген.

Янукович сот басталғанда «бұл істің саяси астары бар» деп мәлімдеген. Ол елдің қазіргі президенті Петр Порошенко бастаған бірнеше шенеунікпен бетпе-бет кездесуді талап еткен. Украина бас прокуратурасы кездесу ұйымдастыруға дайын екендіктерін айтып, ол үшін Янукович Украинаға келу керек деген.

Дереккөз: Азаттық