Отанымыздың патриоты болу – баршамыздың парызымыз
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев елордада, Есілдің оң жағалауында орналасқан ұлттық әскери-патриоттық орталыққа барып, «Отан, Елбасы, Жас сарбаз» атты мерекелік іс-шараға қатысты. Оның аясында Мемлекет басшысы балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті.
Ел Президенті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді жүктеген болатын.
Осы орайда Қорғаныс министрлігі Ауған соғысы ардагерлерімен және осы салада бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан қауымдастықпен, қоғамдық ұйымдармен тізе қоса отырып, «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғаны жөнінде Елбасына мәлім етті.
Мемлекет басшысы іс-шара басталар алдында әскери-патриоттық орталық музейін аралап, экспозицияларымен танысты. Онда Қазақстан армиясына арналған әскери суретшілер студиясының туындылары мен «Орбұлақ шайқасының» диорамасы қойылған, сонымен қатар 3D mapping шоу технологиясы қолданылған проекциялық көрме ұйымдастырылды.
Мерекелік кездесуде сөз сөйлеген Н.Назарбаев шараға қатысушыларды «Жас сарбаз» қозғалысының өз жұмысын бастауымен құттықтады. Бұл бірлестіктің мақсаты өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу болмақ. Осыған орай, Елбасы ұлттық рухты қалыптастырудың және ел тарихын терең зерттеудің маңыздылығын айрықша атап өтті.
–Жақында жарияланған Қазақстан халқына Жолдаудағы мәнді мәселелердің бірі – патриоттық тәрбие беру ісі. Егер біз Отанымызды қорғай алмасақ, онда Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде атқарған барлық жұмысымыз өз мәнін жоғалтады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан шаралардың барлығы келер ұрпақ үшін жақсы жағдайлар жасауға бағытталғанына назар аудартты.
–Осының бәрі біздің болашағымыз – жастарға арналған. Атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі сіздердің өмірлеріңізді біздікінен де жақсы етуді, Қазақстанымызды одан әрі гүлденте түсуді көздейді, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы республика жастарын «Жас сарбаз» қозғалысы мүшесінің қатарына қосылуға шақырды.
–«Жас сарбаз» қозғалысы еліміздің барлық өңірінде пайда болуға тиіс. Жастар осы қозғалыстың сапында болуға тиіс. Олар денешынықтырумен айналысып, әскери мамандықтарды игергені жөн. Бұл қозғалыс Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, патриоттар тәрбиелеу ісіне белсенді қатысуы шарт. Сонда ғана сіздер халқымыздың тірегіне айналасыздар! – деді жастарға қайырылған ел Президенті.
Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың қазақстандық патриотизмді күшейту ісіндегі ерекше маңызына тоқталды.
Елбасы Қазақстан қоғамы өркендеуі үшін тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтау керектігін нықтады.
– Елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Біз бәріміз де – Қазақстан азаматтарымыз. Бәріңіз ұлы Римді білесіздер, онда бірінші орында этнос емес, азаматтық тұрған. Тиісінше, осы империяға кіргендер тегіс – империяның азаматтары саналған. Біздің де сонау сақтар, ғұндар, көк түріктермен астасып жатқан бай тарихымыз бар, мыңжылдықтар ішінде көптеген халықтар мен мәдениеттерді өз айналамызда ұйыстырдық. Соның арқасында төзімділік пен құрметтеу қасиеттерін бойымызға сіңірдік. Бұл құндылықтар біздің Қазақстанды біріктіреді, оны қуатты және сыйлы мемлекетке айналдырады. Сол себепті Отанымыздың патриоты болу – баршамыздың парызымыз! – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы қатысушыларға табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Кешегі іс-шара барысында «Жас сарбаз» қозғалысының өңірлердегі филиалдарының тұсауы кесілді. Сондай-ақ Елбасыға қозғалысқа мүше балаларға ұсынылатын бірыңғай киім үлгісі таныстырылды.
Айхан ШӘРІП