Отандық жұлдыздар Астанада өлім құшқан сәбилердің жанұясына көмектесуге шақырды — новости Казахстана
Күні кеше Астанаға қарасты Көктал-1 тұрғын алабында өрттен қайтыс болған бір үйдің 5 қызына отандық шоу-бизнес өкілдері көңіл айтты. Әншілер мен өнер иелері көпшілікті қайғыдан қан жұтқан ата-анаға көмек көрсетуге шақырды деп хабарлайды NUR.KZ.
Жанар Айжанова өзінің Instagram парақшасында жұртты ауызбіршілікке шақырып, марқұм қыздардың ата-анасының шотына ақша салуды ұсынды.
«Бақилық болған сәбилердің ата-анасын кінәлап жатқандар да жоқ емес. Төрт бірдей кредитін төлеу үшін, анасы да күн демей, түн демей жұмыс істеп жүр екен. «Аза тұтамыз» деп ауызбен айта салмай, азғантай болса да, мына есепшотқа ақша салайық.
Ниеттеріңіз Алладан қайтар! Балалардың орнын ақша да, басқа да толтырмайтыны анық. Біздікі «Ең болмаса қаралы әке-шеше бір үй алып, алтыншы баласы сол үйде дүниеге келсе ғой» деген арман. Жандары жаннатта болсын! Ата-анасына Алла жар болсын! Сабыр берсін», — деп жазды актриса.
Ал Тәуекел Мүсілім: «Неге біздің елде бір нәрсе өзгеру үшін, міндетті түрде біреудің қазасы қажет? Кез — келген мемлекеттің басты байлығы — адам өмірі болып табылмайды ма? Ал біздің мемлекетте олай емес! Қазіргі таңда адам өмірі түкке тұрмайды. Өкінішті! Жазықсыз бес періштені Алла өз панасына алсын! Жәннаттың раxатын көруді нәсіп етсін», — деп жазба жариялады.
Гүлзира Айдарбекова төрт бірдей кредитін төлеу үшін үш айлық баласын үйге қалдырып, түнгі кезекте жұмыс істеген анаға көмек көрсетуге шақырды.
«Дүниеден өткен бес періштенің анасының шоты. Қолымыздан келгенше көмек берейік! Төрт бірдей кредитін «төлеймін» деп, «бала-шағамды жеткіземін» деп отырғанда, мынадай жағдайға душар болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады.
Біздің ақшамыз жүрегіне ем бола қоймас, бірақ демеу болайық ағайын! 200, 500,1000 теңгеден болса да, Алла разылығы үшін көмек берейік! Әр адамның өз қалауы. Жағдайы жоқ болып көмек бере алмағанға ешкім ренжімейді. Тек қолдарыңыздан келіп жатса, әрине. Ата-анасына Алла сабыр берсін», — деп жазды.
Танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы да бұл жайғдайға бей-жай қарай алмаған. Ол орны толмас қазаға бірнеше фактордың әсер еткенін ашып айтты.
«Тас түскен жеріне ауыр. Байғұс шеше тар құрсағын кеңіткен бес бірдей баласынан бір сәтте айырылды. Тау боп көрінген әке еңсесі езіліп, шөкті де қалды. Күні-түні жұмыс істеп, тырмысып жүргендерінің мәні бір-ақ сәтте 0 болды. Бұл қаза еліміздегі бірнеше саланың шикілігінің бетін ашқандай», — деген Сұлтанқызы төрт бірдей себепті тізіп айтып берді.
«1. Жұмыссыздық мәселесі:Мен заңгер емеспін, алайда үш айлық баласы бар ананы түнгі сменге шақыруға бола ма?! Әйелі үйінде жоқ екен. Тым құрығанда отағасы неге жұмысқа барудан бас тартпады?! Себебі: Тауып отырған нанынан айырылады. Бас тартпап еді, бес баласынан айырылды.
2. Күн көріс ахуалының төмендігі: Жыртығын жамап, жоқтығын жеткізем деп, қанша тырысса да жетпейді. Себебі өмір сүру қымбат.
3. Халықтың жаппай орталықтарға көшуі: Егер бұл процесс белгілі бір деңгейде реттеліп, шектеліп отырмаса, қала амалы жоқтан бұзақы болғандар мен амалы жоқтан үсіп-өлгендерге, жеңіл жүріске салынғандарға, үкіметке өкпелілерге толады. Себебі басқа амал жоқ. Джунглидің жазылмаған заңындай: Не сен жейсің, не сені жейді.
4. «Газдан утечка кетпеді ме» деп, тексеріп тұратындар бар. Ал көмір жағатын, үйінде пеші бар тұрғындардың қауіпсіздігін құзырлы мекемелер тексере ме?!
Осылай бұқараның шынайы бейнесін жасырсақ, ауырмай-ақ өлеміз. Бұл қасіретті Алла ешкімнің басына бермесін! Қара жамылған әке мен шешеге және туысқандарына көңіл айтамын», — деп Instagram парақшасындағы жазбасын аяқтады Ләйлә Сұлтанқызы.
Айгүл Иманбаева шерлі болған ата-анаға қазір жұбату бола алмайтынын жаза келе, оларға қолдан келері қаржылай көмек көрсету екенін жасырмады.
«Кешеден бері жүрегіміз шерге толып, көзімізден жас тоқтамады. Бір үйден бес бірдей сәби… Алла алдынан жарылқасын! Ата-Анасына сабыр берсін! Тіпті не деп жұбатарыңды да білмейсін. «Көп түкірсе көл» деген. Қолдан келгенше ата-анасына осы счетқа ақшалай көмек берсеңіздер», — деп жазды актриса.
Естеріңізге сала кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген бес баланың денесі табылған. Олардың ең кішісі әлі бір жасқа да толмаған сәби болған.
Бұл қайғылы оқиғадан соң қала әкімі шұғыл кеңес өткізген. Ал бұл жағдай орын алмас бұрын Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері үйдің қауіпті екенін ескертіпті. Артынша Астанада көз жұмған 15 жастағы қыздың хаты жұрттың жүрегін ауыртты.
Күні кеше қайғылы жағдайға қатысты Ішкі істер вице-министрі жауап берді. Анықталғандай, жанұяның тұрмысы төмен болмаған. Ал балалар жер қойнауына 5 ақпан күні тапсырылады.
Аталған оқиғаға қатысты өткен баспасөз конференциясында Астана қалас әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы көз жасын тия алмады.
Дереккөз: kaz.nur.kz