Отандық тарихшы: «Тарихи тұрғыдан бірінші президентті сынайтын дүниелер жазылмайды»
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бұрынғы директоры Хангелді Әбжанов «Азаттық» тілшісіне сұхбат беріп осындай пікір айтты.
Тарихшы тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде бірінші қатарға тұңғыш президентің рөлі шығып кеткенін, бұл үрдістің тарихты шынайы жазуға кедергі келтіретінін айтты.
«Бірінші қатарда тұңғыш президентің рөлі шығып тұр. Сосын Нұр-Сұлтан қаласы тұр. [Тарих кітаптарында] бұл екеуі де болсын, бірақ азаттығымыздың әлеуетін ашуға зиянын тигізіп тұрған мәселе – жемқорлық. Жемқорлық методологиялық тұрғыдан қарастырылып, азаттығымызға кедергісін тигізіп жатқан нәрсе ретінде талдануы керек. Екі премьер-министр сотталды, сотталған министрлерді жинасаң бір үкімет шығады. Сотталған жоғары лауазымды әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер мыңдап саналады. Бұған ғылыми талдау керек. Болашақта қайталанбауы үшін тарихымыздың бетінде тұруы керек» деді Хангелді Әбжанов.
Тілшінің «Бірінші президентті сынайтын дүниелер жазылмай ма?» деген сұрағына:
«Жазылмайды. Тарих фактімен жазылуы тиіс, бірақ фактілердің ішкі байланысы, бірінен бірі туындайтын заңдылығы бар. Мәселен, жемқорлық мәселесін алдыңғы қатарға шығару үшін жемқорлық неге күшейді, оның құқықтық, экономикалық себептері, адами факторы қандай деген сұраққа жауап беру керек. Бұл – жан-жақты зерделейтін, зерттейтін үлкен проблема» деп жауап берді тарихшы Х.Әбжанов.
Х.Әбжанов тарих тұрғысынан жемқорлықты зерттеуге қазіргі тарихшылардың биліктің ауанынан шыға алмайтынын, оған себеп биліктің жемқорлықты негізгі мәселе деп қарастырмайтынын айтты.
Егер тарихшылар шындықты жазса: «Сыбағадан, мақтау, марапаттан қағылады, ғылымға бөлінген гранттан айрылады» деді Х.Әбжанов.