Отандық психолог 41 күнде қатерлі ісіктен қалай айққанын айтып берді — Қазақстан жаңалықтары
Айсұлу Құтпанбекова — психология, нумерология саласын жетік меңгеріп, 1000-ға жуық консультация, 35 тренинг өткізген білікті маман әрі мотиватор. Қазақстандықтарға өмірді өзгертудің қыр-сырларын түсіндіруді мақсатына айналдырған әйел осыдан 12 жыл бұрын бар болғаны 41 күннің ішінде қатерлі ісікті жеңіп шыққан. Құтпанбекова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне аурудан қалай айыққанын, толығымен емделіп, жазылып кетуге не көмектескенін айтып берді.
Айсұлу Құтпанбекова қоғамға психолог ретінде пайдалы болу туралы шешімді жеке өмірінен түйген сабағын негізіге ала отырып шығарған.
«Негізі, мен дәрігердің оқуын бітірген маманмын. Бірақ тұрмысқа шығып, бала босанғаннан кейін мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Жастайымнан психологиялық кітаптарды, мақалаларды оқып, осы ғылымға қатты қызықтым. Алайда, нағыз психолог атанып, халыққа пайдамды тигізу үшін маңдайыма үлкен сынақтан өту жазылған екен.
Тоқсаныншы жылдардың аяғында жолдасым екеумізге ойда-жоқта үйімізді сатуға тура келді. Үш баламызбен уақытша тұруға арналған баспанаға көшіп, іргесі берік үй салу мақсатында жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Алайда, жолдасымның жалақысы күн-көрісімізге жетпегендіктен жеке кәсіп бастап, пайда табу туралы шешім шығардым. Қолымда бар жиырма бес мың теңгемен Шудан Алматы қаласының базарына тауар алуға келдім. Ол кезде бұл құны қазіргі 200 мың теңгемен бірдей керемет ақша ғой. Жақсы аяқ-киімдер алып, өз ауылымда сатқым келді. Өкінішке орай, базарға келгенде 10 мың теңгемді байқаусызда ұрлатып алып, сан соғып қалдым. Аламын деген тауарға ақшам жетпей қалған соң, не істерімді білмедім. Қиын жағдайға тап болып, сары уайымға салынғанымды көрген саудагерлер қалған 15 мың теңгеге бағасы кроссовкалардан арзандау мокасиндер сатып алуды ұсынды. Құдайдың құдіреті ғой, ауылда қаладан алып келген аяқ-киімдерім бір-ақ күннің ішінде сатылып кетті. Осыдан кейін тағы да қалаға келіп, кәсібімді ақырындап жүргізіп отырдым», — дейді әйел.
Балаларының келешегі мен отбасының берекесі үшін қам жеген ана өмір қиындықтарына мойынсынбай жүріп өзін-өзі жақсы көруді, сыйлауды мүлдем ұмытып кеткенін тілге тиек етті. Құтпанбекова ер адамның жұмысын істеп, отағасының жауапкершілігін өз мойнына алған соң, өмірдегі мақсаты мен орнын жоғалтып алған екен. Оның ойынша, онкологиялық ауруға шалдығуының себебі осында жатыр. Дерттің белгілері 42 жасында өзіне деген қадір, құрмет азайғанда айқындала бастаған.
«Тіршіліктің қамымен жүргенде денсаулығымның нашарлап бара жатқанын сезсем де, өміріме қауіп төндіретін дертке шалдығамын деп ойламадым. «Азып кетіпсің», — дегендерге дене бітімімді ретке келтіріп жүргенімді айтып қалжыңдайтынмын. Бір де бір ем көмектеспей, күн өткен сайын әлсіреп, күшім азая бастаған соң, онколог дәрігерге қаралып қайтуды жөн көрдім. Дәрігерден жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдыққанымды естігенде төбемнен жай түскендей күй кештім, біткен жерім осы деп ойладым. Ауру асқынып, күрделі сатысы басталып кеткен екен. Маман ота жасату үшін біріншіден 67-ге түсіп кеткен гемоглобинімді көтеру керектігін айтып, үйіме қайтарып жіберді. Егер оның сөзіне құлақ аспай, дәл сол кезде ота жасап беруін сұрағанымда өліп кететін едім.
Қатерлі ісікке шалдыққанымды күйеуіме айттым, бірақ одан мен бармын, бірге жеңіп шығамыз, әлі-ақ жазылып кетесің деген жылы сөздерді ести алмадым. Ол ауру әйелдің ешкімге керек жоғын меңзеді. Басыма түскен істі көтере алмай, төсек тартып жатып қалғаным бар. Алайда: «Анашым, бізді тастамашы», — деген баламның сөздері, жақын адамдарымның қолдауы мен көмегі дертті жеңіп шығуыма көмектесті. «Секрет» деген фильмді көргеннен кейін қатерлі ісіктен жазылып кеткен адамдар туралы естідім. Сондағы кеңестерді пайдаланып, мен де «Рахмет күнделігін» бастадым. Көз алдыма жазылып кеткенімді, сап-сау болып балаларымның жанында жүргенімді елестетіп, еш жерім ауырмайтынына рахмет деп жазып жүрдім. Дәрігер іш деп жазып берген дәрілерді қабылдадым, химиотерапиядан да өттім. Визуализацияны санама құйып, сауығып кететініме күмән келтірмедім. Қырық бір күн өткенде денсаулығымның жақсарғанын, аурудан айыққанымды сездім. Дәрігерлер де жазылып кеткенімді растады», — дейді психолог.
Өмірін өзгертіп, екі аяғына нық тұра білген 54 жастағы отандасымыз қазақстандықтарды арманшыл, өз-өзіне сенімді болуды және қандай жағдай болмасын ешқашан оңайлықпен берілмеуге шақырады.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz