«Отандастар» қоры Түркияда бірқатар келісімге қол қойды

0

Ведомство басшыларының кездесуіндегі құттықтау сөзінде Қор басшысы Нұртай Әбіқаев түрік тарапқа шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына алғыс айтып, аталмыш кездесу бұдан былайғы табысты ынтымақтастықтың бастауы болатынына сенім білдірді. Қор Президенті бауырлас елдер арасында Түркия Республикасы маңызды, ерекше орынға ие екендігін алға тартты. Оған себеп –  Түркияның қазақ халқына танытқан қонақжайлығы, бауырлас халқының көршілес елдегі тыныш өмірі мен әрі қарайғы дамуына жасаған мол мүмкіндігі. Сонымен қатар, Нұртай Әбіқаев Қазақстан халқының Тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындаған да осы Түркия Республикасы болғандығын ерекше атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диаспора істеріне жауапты Түркі кеңесінің төртінші кездесуін Қазақстанда – Түркістан қаласында өткізуді бірауыздан мақұлдады.

Іссапар аясында қазақстандық делегацияның Түркия Вице-министрі Фуат Октаймен, Түркия Республикасының Шетелдегі түріктер мен оларға байланысты қауымдастықтар жөніндегі Төралқа басшысы Абдуллах Эренмен, Юнус Эмре Институтының директоры Шереф Атешпен,  Стамбұл қаласы мэрінің бірінші орынбасары Ахмет Селаметпен және Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесулері өтті. Тараптар түркітілді диаспоралардың стратегиялық, экономикалық, мәдени дамуындағы екіжақты және көпжақты серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады. Келіссөздердің қорытындысы бойынша «Отандастар» Қоры түрік тараппен серіктестік туралы бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Юнус Эмре институтымен  қазақ тілін әлемнің 60 мемлекетінде орналасқан оқу орталықтарында оқытуға мүмкіндік беру туралы бітім жасалды.

9 қарашада Стамбұл қаласында Дархан Кәлетаев пен Нұртай Әбіқаев Түркия және Еуропадағы шетелдік қазақ ұйымдарының Мансұр Тәйжі, Якуп Жан, Фазыл Топлу, Әбдуақап Қара сияқты белді әрі белсенді басшыларымен кездесу өткізді. Қазақ диаспораларының өкілдері жырақта жүрсе де тарихи отанымен ажырамас байланыста екендігін, Қазақстанда болып жатқан барлық маңызды жайттардан хабардар екендігін және өскелең ұрпақ туған тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін меңгеруде үлкен қолдауға ие екендігін жеткізді.

Нұртай Әбіқаев Түркиядағы қандастарға өзі басшылық етіп отырған Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттерін таныстырды. Қор басшысының айтуынша, бірлестіктің қызметі сырттағы бауырлар мен шетелден тарихи Отанына оралған қазақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Қордың басты міндеті – Қазақстанға келген этникалық қазақтардың бейімделуі мен кірігуіне жәрдемдесіп, оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық, консультациялық көмек көрсету, сонымен бірге, алыс-жақын шетелдердегі қазақ дисапораларымен мәдени, іскерлік байланысты сақтау және дамыту, деді Нұртай Әбіқаев.

Қордың алғашқы ресми шарасы – 7 қарашада Астана қаласында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен өткен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі. Шараға Франция, Германия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан қатарлы алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам өнерпаз қатысты. Жақын арада Қор шетелдерде тұратын ағайындардың Қазақстанның қасиетті жерлеріне танымдық экскурсиясы мен Ресей Федерациясында Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.