«Отандастар» қоры қандастар көшімен мүлдем айналыспайды, бюджет ақшасын шашып отыр

0

«Отандастар» қоры шетелдегі қазақтарға нақты ешқандай қолдау көрсетпейді, қандастар көшімен мүлдем айналыспайды. Ешкімге ешқандай нақты пайдасы жоқ, тек құр сөз жүзіндегі ұсақ-түйек жұмыстармен ғана айналысып, мемлекеттің қаржысын босқа шашып отыр», – дейді төменде жарияланып отырған мақаланың авторы Ботагөз Уатқан.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезде еліміздің өсіп-өркендеуіне қатысты бірқатар игі бастамаларды қолға алуда. Сол бастамалардың біразы президенттің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жан-жақты айтылды.

Мақалада көтерілген мәселелердің бірі – шетел қазақтарының, яғни қандастардың атажұртқа қоныс аударуы. Қазақстан президенті: «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», – деп атап көрсетті.

Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені шетел қазақтарының атажұртқа көптеп қоныс аударуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, демографиялық жағдайымыздың жақсарып, қорғаныс қабілетіміздің нығаюына оң ықпалын тигізеді. Бұған тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртқа 1 миллионнан астам қандастарымыздың оралып, Қазақстанның өркендеуіне өзіндік үлес қосқаны айқын дәлел.

Бірақ, президент атап көрсеткендей, соңғы жылдары қандастар көші әртүрлі себептермен барынша азайды. Мұндай себептердің ең бастыларының бірі – көші-қон мәселесімен айналысуға тиіс мекемелердің бұл аса маңызды іске дұрыс көңіл бөлмеуінен туындап отыр. Бұған нақты мысал келтірейік.

Қазақстанның бірінші президенті Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының соңғы құрылтайында шетелдегі ағайындарға қолдау көрсетіп, олардың атажұртқа қоныс аударуын ұйымдастыру үшін «Отандастар» атты қор құру жөнінде тапсырма берген еді. Соған орай Қазақстан үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 644 қаулысына сәйкес, мемлекеттің жүз пайыз қатысумен «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғам құрылып, жарғылық капиталына айтарлықтай мол қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Отандастар» қорының құрылтайшысы ҚР үкіметі атынан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитеті болып табылды. Ал Қордың акционерлері ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Қоғамдық даму министрлігі болып белгіленді. Бір сөзбен айтқанда, «Отандастар» қорын мемлекеттік мекеме деп толық атауға болады.

Қазір «Отандастар» қорында 30-дан астам қызметкерлер жұмыс істейді. Айлық жалақылары да жоғары. Соған қарамастан, «Отандастар» қоры шетелдегі қазақтарға нақты ешқандай қолдау көрсетпейді, қандастар көшімен мүлдем айналыспайды. Ешкімге ешқандай нақты пайдасы жоқ, тек құр сөз жүзіндегі ұсақ-түйек жұмыстармен ғана айналысып, мемлекеттің қаржысын босқа шашып отыр деуге болады. Арнайы өкілетті комиссия шығарып, жан-жақты тексеру жүргізсе, мұның бәріне оп-оңай көз жеткізуге болады.

Бұрын қандастар көшін ұйымдастыруда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) да үлкен жұмыстар жүргізген еді. Мен бұған өзім толық куәмін. Өйткені бұл қауымдастықта 1994 жылдан бастап, 25 жылға жуық уақыт қызмет атқардым. Қауымдастық құрылтайшыларының бірімін. Ал қазір бұл Қауымдастықтың жұмысы мүлдем тұралап қалған, дұрыс қаржысы да, тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлері де жоқ дәрменсіз ұйым.

Тіпті Қауымдастық басшыларының бірі Арғын Оспанов қандастарымызға қолдау көрсетуден бас тартуда. Оған нақты мысал келтірейін.

Бұдан біраз уақыт бұрын маған Қауымдастықтың бұрыннан таныс төралқа мүшесі, түркиялық қандасымыз Серкан Дінштүрк хабарласты. Оның айтуынша, Стамбулда Зафер Али Берат дейтін қазақ бар. Әкесі бұдан біраз жыл бұрын Көкшетауға орналасып, ықтиярхат алған. Енді Зафердің өзі де әкесінің соңынан Қазақстанға келгісі келеді. Бірақ виза алу үшін, Қазақстанның Стамбулдағы консулдығы одан ұлтының қазақ екендігін дәлелдейтін анықтама талап еткен.

Бұрын ДҚҚ мұндай анықтама беретін. Соған орай Қауымдастықтың Ақмола облысындағы филиалының жетекшісі Алтын Мәденқызына өтініш жасап, анықтама хат жаздыртып едік. Бірақ Стамбулдағы консулдық бұл анықтаманы «түпнұсқа емес деп» қабылдамаған. Содан амал жоқ, «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасовтан көмек сұрадық. Ол кісі «ДҚҚ төрағасының орынбасары Арғын Оспановпен бірлесіп, шешуге тырысайын», – деді.
Бірақ аз уақыттан кейін Қауымдастақтың Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі Алтын Мәденқызы бұл мәселенің шешілмейтінін айтты. Өйткені ДҚҚ төрағасының орынбасары Арғын Оспанов ондай анықтама беруге тыйым салған және «енді қайтып ондай анықтама беруші болма» деп, қатаң ескерткен.

Осы жерде мынадай сұрақ туады: «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы сияқты екі үлкен құрылым Қазақстанда туған әкесі бар шетелдегі қандасымызға «қазақ» дейтін бір жапырақ анықтама бере алмаса, онда мемлекет атынан құрылған бұл ұйымдар не үшін жұмыс істейді?

Бұл ретте тағы бір мәселені айта кеткіміз келеді. Жоғарыда аталған Арғын Оспанов Қауымдастық төрағасының орынбасары ғана емес, сонымен қатар «Отандастар» қорындағы білдей бір департаментінің жоғары жалақы алатын директоры екен.

Яғни, Арғын Оспанов шетел қазақтарымен жұмыс істейтін ең үлкен екі бірдей мекемеде қатар басшылық қызмет атқарады, жоғары жалақы алады, бірақ сөйте тұра, шетел қазақтарына жаны ашымайды; олардың атажұртқа келуіне қолдау жасаудың орнына, кеудесінен итеріп, кері қайтарады.

Қандастар көшіне жауапты «Отандастар» қоры мен Қауымдастықта шетел қазақтарына жаны ашымайтын жалғыз Арғын Оспанов қана емес, басқа да қызметкерлер бар шығар деген күдікті ой келеді. Егер Қазақ мемлекеті үшін маңызды бұл салада осындай қызметкерлер отырса, ел президентінің қандастар көшін жеделдету жөніндегі міндет-тапсырмаларының орындалуы екіталай болар деген ой туады.

Осыған орай төмендегідей екі мәселе болашақта нақты шешілсе дейміз:

1. Үкімет қаулысымен құрылған «Отандастар» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жұмысын жақсарту мен жетілдірудің нақты жолдары анықталып, бұл жөнінде үкімет тарапынан ресми шешім қабылдануы керек. Осыған сәйкес, «Отандастар» қорының басты міндеттерінің бірі – қандастар көшін ұйымдастыру болып белгіленіп, Қоғамға бөлінетін қаржының басым бөлігі осы мақсатқа жұмсалуға тиіс.

Сондай-ақ Қоғамның штаттағы қызметкерлерінің саны мен жалақыларының мөлшері түбегейлі қайта қаралуы қажет.

2. Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын қазіргідей қаржыдан жұрдай, нақты ешқандай жұмыс істемейтін дәрменсіз ұйым ретінде қалдыруға болмайды. Бұл – әсіресе шетелдегі бес миллионнан астам қазақ диаспорасының алдында Қазақстанның абырой-беделіне көлеңке түсіретін ыңғайсыз жағдай. Осыған орай Қауымдастықтың жұмысын жетілдірудің жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін қарастырған жөн.

Біз бұл айтылған мәселелерді жуықта тиісті жоғары орындарға ұсындық. Алдағы уақытта мұның бәрі оң шешімін табады деп кәміл сенеміз. Себебі – шетелдегі қазақтар Қазақстан мемлекетінің ұлттық бірегейлігін сақтауға негіз болатын алтын қоры. Ал ондай ұлттық байлыққа немқұрайлы қарауға болмайды!

Ботагөз УАТҚАН

«DAT». 25.02.2021.