Отан қорғау – ардың ісі

0

Отан қорғау дегеніміз – атақты жырау Мұрат Мөңкеұлының «Садағын сала байласа, Астана жұр­тын айналса, Бес қаруын белге ұрса, Ат үстінде күн көрсе, Арып-ашып шөл көрсе, Тебінгіні теріс тағып, Темірқазық жаста­нып, Қарындас үшін қан жұт­са, Ол ер жігітке жарасар» деге­нін­дей, білген адамға аса абыройлы міндет. 

Биылғы қаңтар айының 3-нен ел көлемінде «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәр­те­бесі туралы» заңға сәйкес, азамат­тарды тіркеу учаскелеріне ал­дын ала шақырып, тізімдеу нау­қаны басталды. Қорғаныс минис­трлігінің баспасөз қызметі тарат­қан мәліметке жүгінсек, шақы­рылатындар – жасы 17-ге толған азаматтар. Мұндағы мақсат – алдағы күндері әскери борышын өтеуі тиіс бозбалаларды есепке алып, олардың саны мен әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау. Сонымен қатар шара кезінде шақырылушылардың ма­ман­дығы, алған білімі және ден­сау­лық жарамдылығы жайлы то­лық ақпар жинау мәселесі де бар. 

Бүгінгі таңда жергілікті әкім­­шілік органдарының атсалы­суымен азаматтарды тіркеп-тек­се­ретін медициналық комиссия­лар құрылып, істі ойдағыдай ат­қа­рып шығу міндеті жүктелген өңір­лердегі Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар қызу іске кірісіп жатыр. Нәтижесінде, алдағы уақытта әскер қатарына алынатын азаматтардың жоспарлы тізімі анықталып, олардың денсаулық жағдайы сараптау­дан өткен соң, жарамды деп та­был­ған азаматтар маусымдық әске­ри шақыру науқанына дайын тұра­ды. Яғни, олар Отан қорғау жо­лын­дағы абыройлы парызын орындауға аттанады. 

Бүгінгі таңда халықаралық стандартқа сай әскеріміздің 

70 па­йызы кәсіби жауынгерлермен жасақталғандықтан, әскерге ша­қы­­ры­лушыларға түгелдей дер­­лік абыройлы міндет атқару ба­қы­ты бұйыра бермейтін көрінді. 

Оның сыртында айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе – әс­­кер жасындағы бозбалалар ара­сында денсаулық жағдайы бо­йын­ша талапқа сай келмейтін аза­маттардың көптігі. Нақ­ты­рақ айтқанда, қазіргі әскер жа­сын­дағы азаматтардың ден­сау­­лығында ақау көп. Сол се­беп­ті, екі жыл бұ­рын әскерге ша­­қырылушы жастар­ды тіркеу, дә­рі­герлік саралаудан өткізу, ірік­­теу үш айға созылатын болса, былтырдан бері бұл мерзім тағы бір айға ұзартылып, төрт айға жетті. 

«Мұндай өзгеріс шақырылу­шы­ларды дәрігерлік комис­сия­ның тек­се­руінен сапалы өткізу үшін жа­салып отыр. Осының нә­ти­же­сінде гепатит, туберкулез ауруларын анықтау бойын­ша мін­детті зертханалық тексе­ріс­тердің ау­қымы кеңейді» дейді мамандар. 

Оның сыртында қазіргі таңда әскерилерге қойылатын талап бойынша шақырылушылар 

12 түрлі медициналық тексерістен міндетті түрде өтеді. Ақмола облысы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрағасы Мақ­шәріп Мартазанов мырзаның ай­туына қарағанда, жастар арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі және омыртқа майысуы, үшінші дәрежелі майтабан дерті, әсіресе көз жанарының әлсіздігі жиі кездеседі екен. 

– Әскер жасындағы аза-

­мат­­тар­дың жоғарыдағыдай сыр­қат түрлеріне шалдығуының бас­ты себебі – спортпен шұғыл­дан­бауы. Сонымен бірге табиғат аясын­да демалу, саламатты өмір сүру салтын ұстану әдетінің қа­лып­тас­пауы да әсер етуде, – дейді Ас­тана қаласы Сарыарқа ауданы әс­керге шақыру дәрігерлік комис­­сия­сының хирург-дәрігері Ермек Ержанов мырза.

Соңғы жылдары әлеуметтік желінің кең таралуы, соған байланысты заманауи құрылғылардың пайда болуы (компьютер, қол телефон) жастардың көз жана­ры­ның әлсіреуіне соқтырса, таң­нан кешке дейін самарқау тартып, иленіп ұйықтай беру невро­логиялық аурулардың өрістеуіне жол ашатынын мамандар жоққа шығармайды. Табиғи, құнар­лы тағамды тұтынбау және дене шынық­тыру ісімен жүйелі шұғыл­данбау мидың қысымы, семіздік, майтабан ауруларының өршуіне әкеліп отыр. 

Әсіресе соңғы жылдары жас­тар арасында көз жанарының әлсіреуі шектен шығып барады. Астана қаласы Алматы ауданы әскерге шақыру дәрігерлік комис­сиясының төрайымы Гүлнар Бутунбаева ханымның мәлі­ме­тіне жүгінсек, әскерге жарам­сыз­дардың 50 пайызы осы көзі нашар­­лағандар, яғни әрбір 5 боз­­ба­­ла­ның 3-еуі көз ауруына шал­дыққан. 

Дәрігерлерді алаңдатып отыр­ған екінші дерт – семіздік немесе салмақ жетіспеушілік. Мұндай ауру­лардың көбеюі фаст-фуд өнім­­­дері мен энергетикалық су­сын­­дардың әсерінен дейді маман дәрігерлер.  

Сонымен қатар соңғы жыл­дары азаматтардың білім дең­гейіне және  моральдық-пси­хологиялық тұрақтылығына қойылатын талаптар да артып отыр. Осыған орай, медициналық куәлан­дыру бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Атап айт­қан­да, қазіргі күні әскерге ша­қырылушыларды нарколо­гиялық тестілеуден де өткізетін шара қабылданыпты. 

Сөзімізді қорыта айтқанда, баяғыдағыдай әскер қатарында борышын өтемеу ұят санала­тын заман қазір жоқ. Бұрын­дары әскерге бару жігіттік­тің азаматтық өлшемі іспет­тес еді. Өйткені әскери міндет боз­баланың азаматтыққа аяқ басатын, туған үйінен алыс кетіп, темір төсте шыңдалған қайқы қылыштай қайрауы жетілетін үлкен мектеп еді. Әсіресе, боз көйлегі үстінен түспеген бозбала әскери форма киіп, оқалы погон тағу арқылы жауынгерлік рухты сезініп, батыр бабамыз  Доспамбет жырау: «Екі арыстан жау шапса, Оқ қылқандай шаншылса, Бетегелі Сарыарқаның бойында, Соғысып өлген өкін­бес» дегеніндей Отан қор­ғау­дың абыройын сезіне алатын. Заман өзгергенімен, бұл жа­зыл­маған заңдылықтың өзек­тілігі жойылмақ емес. «Отанды қорғау – сол халықтың асқақ ұлдарының адал міндеті бол­мақ» деп алаш арыстары айт­қандай, қай заманда да ат жалын тартып мінген азаматтары­мыз елдің жел жағынан пана болу­ға сақадай-сай болуы тиіс. Ол үшін отансүйгіштік идеясын өрен­деріміздің бойына от басында, талбесіктен сіңіру қажет-ақ.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/