«Осы үйде әйел бар ма, балға қайда?»: Дос Көшім ұлтшылдығы өзінен асып кететін жеңгеміз туралы айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Белгілі саясаттанушы, қоғам белсендісі, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімді біз қызметі, елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарасы арқылы жақсы білеміз. Алайда адами келбеті, отбасы, бала тәрбиесінде ұстанатын принциптерін тани бермейміз. Stan.kz тілшісі ұлтжанды азаматтардың бірі ретінде сыйлайтын, жақсы көретін, сөзіне құлақ асатын саясаткерге осы тұрғысынан сауал қойып, сұхбат өткізген еді (Сұхбаттың басы).

Көпшілік сіздің руыңызды білгісі келді. Руыңыз қандай? 

Орта жүз, Найман.

Руға, жүзге бөліну қазақтар үшін неге маңызды? 

Бұл жүйе бізге бірігу үшін керек. Ру, жүзді ойлап шығарған адамға ескерткіш қояр едім. Мысалы, батысқа барсам, мені күйеу бала дейді. Әйелім — батыстан. Шығысқа барсам, өз елім-наймандар. Жетісуда болсам — құдамын. Қысқасы, қай жерге барсаң да туған-туысқан тауып аласың. Қарға тамырлы қазақ болған соң қай жерге барсаң да сені құрметтейтіндей жүйе осы. 

Кез-келген мәселені халықты біріктіру үшін де, бөлу үшін де пайдалануға болады. Мәселен, руды трайбалистік бағытта пайдаланып кететіндер бар, әсіресе, мәслихаттың сайлауы кезінде өздерінің руластарын қолдау мақсатында. Бұған ру кінәлі емес. Егер рудың орнында басқа нәрсе болса, соны пайдаланар еді. 60-70-нші жылдары руды айтпа деген уақытта жершілдікке мойын бұрдық. Қысқасы, рудың еш зияны жоқ, ол қазақтарды біріктіреді. 

Бала тәрбиесінде ескеру керек маңызды қағидаларды атап өтіңізші. 

Шынымды айтсам, осы тұста шығар менің ақсайтыным. Бала тәрбиесінде бар істеген жұмысым балаларыма кітап оқуды және даланы жақсы көруді үйреткенім болса керек. Олар ата-аналары қандай болса, соларға қарап бой түзейді. Балаларымды тәрбиеледім деп мақтана алмаймын. 

Бала тәрбиесінде үйдегі жеңгеміз айналысады деп сол кісіге сенім артып отырсыз. Жеңгеміз туралы тоқаталып өтсеңіз… 

География ғылымдарының докторы, өзі оқыған Ұлттық университетте жұмыс істейді. Ұлтшылдығы кейде менен де асып кетеді…Мен сияқты алтын-күміс, дүние-мүлікке деген қызығушылығы жоқ. Қыздарына қатаңдау, бірақ жиендеріне шаң жуытпайды, алақанынан түсірмейді. Үйдің барлық жұмысы жеңгелеріңнің мойнында. Кейде мен «осы үйде әйел бар ма, балға қайда еді» әзілдеймін. Саяси-қоғамдық өмірде жүргеннен кейін жұмыссыз да қалдық, жазаға да ұшырадық, үйсіз де болдық, бірақ соның бәрінде қабағын шытқан емес.

Бір сұхбатыңызда: «Мен олардың қайда оқуға түсіп, қай факультетте оқып жатқанын да білмеймін. Өз өмірлері, өздері білсін» деген екенсіз. Бұл балаға еркіндік беруден гөрі немқұрайлық емес пе? 

Немқұрайлық та шығар. Біреулер баламды жұмысқа орналастырдым деп айтса таңқаламын. Мен үшін ол болмайтын дүние. Егер сен біреуді жұмысқа орналастырсаң, демек, сен біреудің орнын тартып алдың деген сөз. Туысымның немесе қыздарымның жұмысқа кіруіне көмектесем, басқа біреудің алдын орап кетем ба деген қорқыныш бар.

Бір жағы бұл баланың ешкімге жалтақтамай өсуіне көмектеседі. Әйтпесе, бала сүйенерім бар дегенге үйреніп қалады. Өз өмірін өзі жасағаны дұрыс. 

Айта кетсек, бұған дейін Stan.kz саясаттанушының қызы Айнамен сұхбат өткізген еді. Айна — PR-саласындағы белгілі маман, #Ажыраспа блогының авторы, I book you атты кітап клубының негізін қалаушылардың бірі, спортпен айналысып, түрлі марафондардың белсенді қатысушысы. 

stan.kz