Өскемендік ару жантүршігерлік жол апатынан кейін қалай өмірге қайта оралғанын айтты

0

Өскемендік Әйгерім Болатова осыдан тура алты жыл бұрын жантүршігерлік жол апатына түсіп, өмірін «жаңадан» бастаған. Бүгінде бойжеткен тағдырдың тауқыметіне мойымай, жақындары мен ата-анасының арқасында алдыға қойған мақсаттарына жетіп, көпшілікке үлгі болуда. NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында өжет ару қиындықты қалай жеңгендігін айтты.

Әйгерімнің айтуынша, жол апатына түскен жылы ол небәрі 20 жаста ғана болған екен.

«Жасым 20-да еді, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, топ старостасы болдым. Қазір ойлап қарасам, менің сол кездегі басты проблемам – таңғы сағат 6-да ерте тұру болыпты. Жоғары оқу орнында білім алып, спортпен шұғылданып жүрген қарапайым қазақ қыздарының бірі болатынмын.

Алдымен Алла, кейін ата-анамның арқасында ештеңеге мұқтаж болмадым. Сол жолы мен туған-туысқандарыммен бірге апамды ақтық сынға шығарып салып, оқуыма қайтып келе жатқан едім.

Фото Әйгерім Болатованың жеке мұрағатынан алынды

Жол апаты орын алды, омыртқам сынып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықтым. Одан кейін, қатарынан бірнеше ота жасалды, сосын денсаулықты оңалту керек болды. Бүгін ойлап қарасам, сол кезде бәріне қалай төзіп, басқа түскен тағдырды қалай мойымай қарсы алғаныма таң қаламын? Әлі есімде, кейде тіпті бойымда «енді күресетін күш жоқ» деген ой да билеп алатын. Бірақ, білесіздер ме, мен Алладан дұға еттім. Сөйтіп, бойыма күш жинайтынмын» ,- деп сол кездерін еске алды бойжеткен.

Әйгерімнің айтуынша, өмірдің сынағымен күресуге оның ата-анасы мен жақындары көмектескен екен.

«Ата-анам мен жаныма жақын адамдар қасымда болғандықтан, бәріне төтеп бере алдым деп ойлаймын. Мен оларға ешқашан көз жасымды көрсеткен емеспін. Жүрегім ауырып, жаным сыздаса да, оларға тек күлімдеп қарайтынмын. Маған әпкелерім, құрбыларым келіп: «Сен мықтысың, бірде-бір рет көз жасыңды көрсетпедің» дегенде, егіліп жылағым келетін.

Әрине, өзімді осы қалыпты қабылдау маған оңайға соқпады.Бірақ, мен ешқашан өзгелерге әлсіз екенімді көрсеткім келмеді. Мәселен, менің күнделікті жаттығуларым 8-10 сағатқа дейін созылды, кейде тіпті өз туған күнім мен жаңа жылда да жаттығу жасайтынмын.

Фото Әйгерім Болатованың жеке мұрағатынан алынды

Осылай төрт жыл өтті, санамды өзгерткен сол төрт жылдан кейін Астанаға көшуге бел будым. Қазір осындамын, өз әлемімді енді тапқандай күй кешіп жүрмін. Неге дейсіздер ғой? Себебі, мен өз ортамды, жаңа достар таптым. Қоларбамен де өмір сүрудің ғажап екенін түсіндім. Би де билеймін, үйдің еденін де өзім жуамын, керек десе, көлік те жүргіземін. Өмір мен үшін тамаша, өзім қандаймын, өзімді сол күйімде қабылдай білдім», – деп әңгімесін жалғастырды ару.

Қазіргі таңда Әйгерім Болатова байқауға қатысып, арнайы сертификат иеленген. Бойжеткен аталмыш қаражатқа тоқыма құралын сатып алмақ. Өнерлі ару алда жоспарлары көп екенін айтты.

«Уақытымның көп бөлігін тоқыма тоқуға арнайтындықтан, осы кәсібімді дамытсам ба деп отырмын. Сол үшін жаныма еңбекқор, пысық қыздарды жинамақпын. Жалпы, мен бір мақсат қойсам, оған жетпей қоймайтын адамдардың қатарынанмын. Сондықтан армандарым мен отбасым мені шабыттандырады. Ата-анамның, аға-жеңгем мен сіңлімнің мейірімі мен үшін өте қымбат», – деді бойжеткен.

Айта кетерлігі, Әйгерім күні кеше ғана «Елорда жастар сыйлығы» байқауында «Жас кәсіпкер» аталымын жеңіп алған.

«Алдымен өтінім білдірдік, әділ қазылар алқасы үш адамды ақтық сынға шығарған. Сөйтіп, дауыс беру арқылы мен «Жас кәсіпкер» аталымын жеңіп алдым»,-деп әңгімесін аяқтады қайсар ару.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз